Бұның алдында, қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары мен қоғамдық ұйымдар «инсулин помпаларын сатып алуда мемлекеттік көмек тоқтатылды» деп шу көтерген болатын.
«Помпа дегеніміз - қанға инсулин жіберіп тұратын арнайы құрал, ол 1-18 жасқа дейін қолданылады. Сол помпалармен қамтамасыз ету жағы қиындау болған еді. Қазір ол мәселе шешілді. Біз бұл проблеманы шештік. Президент аппаратына, Дариға Назарбаеваға (ҚР Премьер-Министрінің бұрынғы орынбасары - ред.), Әділбек Жақсыбековке (ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы - ред.) жаздық. Олар Денсаулық сақтау министрлігіне ықпал етіп, қазір біздің өтініш қанағаттандырылды. Барлығын бұрынғыдай қалдырды. Балалар үшін помпалар жеткізілетін болды. Бұл мәселе түбегейлі шешіліп отыр. Алдыңғы күні Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министр Алексей Цойдан барлығы мемлекеттік бюджет аясында қалдырылғандығы туралы ақпаратты алдым. Бүгін бізде мұндай мәселе енді жоқ», - деп атап өтті Л. Жұбандықова.
Қауымдастық басшысының сөзінше, Қазақстан бойынша, аталған помпаларға 2 400 адам мұқтаж. Қазіргі кезде 1 450 адам помпамен қамтылып отыр. Қамту деңгейі - 60 пайыз. Қалғандарында помпалар келмеген немесе өз еріктерімен бас тартқандар. Себебі бұл құрылғыны алу немесе алмау адамның жеке таңдауы.
Оның айтуынша, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру деген ұғымдарды адамдардың жат көруі науқастар санының артуына себеп болып отыр.
«Жыл сайын Қазақстанда диабетке шалдығатындар саны 6 пайызға өсіп отырады. Қазіргі уақытта бұл дерт жасарып барады. Екінші типті қант диабеті балалар мен жасөспірімдерде белең алуда. Екінші тип - дегеніміз қант деңгейінің семіздік кесірінен жоғарылауы. Бұл негізінен дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбау, оның үстіне балалар күні бойы компьютер алдында отырады, фаст-фуд пен кока-коланы көп тұтынады. Нәтижесі осындай дерттерге әкеледі», - дейді ол.