Балаларға арналған сән үлгілерінің ерекшеліктері қандай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дизайнер сән бизнесіндегі балалармен жұмыс жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сән әлемі жыл сайын жасара түсуде. Қазірде бірқатар дизайнерлер тек балалар топтамаларына ғана назар аударады. Оларды MBFWA Almaty сән апталығының соңғы күнінде бірінші рет көрсетті.

«Балалар киімі туралы ойлағанда, менде бәрі жеңіл жүреді. Меніңше, әркімнің өз тағдыры бар, мен үшін балалар киімін тігу басқа жұмыстарға қарағанда әлдеқайда  жеңіл», - деді дизайнер Виктория Азербаева.

Киім тігу мен бутикте сату басқа, дизайнердің сән апталығында балалар киімінің көрсетіліміне қатысуы бөлек. Мұнда көптеген шаруалар бар, атап айтқанда, балалар модельдерін табу, олардың ата-аналарымен келіссөз жүргізу, балаларды дефилеге қатысуға және жаттықтыруға ынталандыру.

«Мен балаларды жақсы көремін, әрқашан өзімнің кішкентай туыстарыммен әуре болып жүремін. Балалар модельдерімен де солай, мұнда да кішігірім балабақша секілді. Бастысы - байланыс орнату және тәртіпті сақтау. Ата-аналармен бірге үздіксіз жұмыс жасалады. Сонымен қатар балалар модельдері де қатаң түрде кез келген модельдік агенттіктегідей іріктеу кезеңдерінен өтеді», - деді Виктория Азербаева.

Дегенмен дефилеге оны шын жүректен жақсы көретін кішкентай модельдер қатысады.

«Біз көрсетілімге бірінші рет қатысып отырған жоқпыз, бұл - үшінші көрсетілім. Біз дефилеге шығу мүмкіндігі туралы қызыма заттар сатып алуға барған бутиктен білдік. Дизайнер баланы көріп, бізді көрсетілімге шақырды. Қызымның модельдік мансапты таңдауы өзіне байланысты. Егер қызық болса, мен бұл ниетін қолдаймын», - дейді жас моделдің анасы Марина Фоксева.

Айта кетерлігі, балалар модельдері подиумда бір уақытта тәртіпті, сәнді және айқын түрде жүріп өтті. Бұл, жаттығулардың бекер кетпегенін білдіреді.