Балаларға имплант пен брекет тегін қойылады деген рас па

Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және елдің бірқатар өңірінде 18 жасқа дейінгі балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі арқылы брекет пен имплант орнату бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Медициналық сақтандыру қорында бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді.

— Балаларға импланттар мен брекеттерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен орнататын пилоттық жоба» басталғаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. МӘМС жүйесінде балаларға тек жедел және жоспарлы түрде бірқатар стоматологиялық қызмет, соның ішінде ортодонтиялық көмек қана қарастырылған. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және бірқатар облыста 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМС аясында брекеттер мен импланттар орнату бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны туралы хабар тараған. Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында қазіргі уақытта мұндай жоба іске қосылмаған, — делінген хабарламада.


МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегіне халықтың белгілі санаттары қол жеткізе алады.

— Атап айтқанда, балалар жедел және жоспарлы стоматологиялық қызметтерге жүгіне алады. Оларға күрделі тісжегіні, пульпитті және периодонтитті емдеу, тіс түбірін пломбалау, тіс жұлу, абсцессті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарын санациялау, сондай-ақ алдын алу шаралары — фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия және басқа да қызметтер кіреді. МӘМС жүйесі бойынша сондай-ақ ортодонтиялық көмекті де алуға болады. Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалиялары бар аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі, — деп мәлімдеді Қордың баспасөз қызметі.

Аталған қызмет тізіміне ортодонт кеңесі, туа біткен жақ-бет патологиясы бар балалар үшін ортодонтиялық пластинканы қолдана отырып тіс-жақ аномалияларын түзету, ортодонтиялық коррекция, кешенді бастапқы тексеру, тіс қалыбын алу, сүт және тұрақты тістерді тегістеу, сондай-ақ ортопантомография кіреді.

Туа бітті және жүре пайда болған жақ-бет аймағының деформациялары бар балаларға медициналық көмек стоматолог дәрігердің көрсетілімдері бойынша амбулаториялық жағдайда немесе стоматологиялық және жақ-бет хирургиясы қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдарда бет-жақ хирург-дәрігері тарапынан көрсетіледі. Барлық аталған қызметтер МӘМС аясында ұсынылады. 

Айта кетелік бүгін зейнетақы жинағынан ақша алуды шектейтін жаңа тыйым енгізілген еді