Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
«Телекоммуникациялық желілердің трансшекаралық сипат алуы балаларды зиянды ақпараттардан қорғау шараларын халықаралық ауқымда ұйымдастыруды қажет етеді. Бұған орай заң жобасында баланы зиянды ақпараттардан қорғау бойынша халықаралық ынтымақтастықты қамтитын тарау енгізіліп отыр. Онда ынтымақтастықтың негіздері, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты үйлестіру жұмыстарының бағыттары айқындалған», - деді А. Смайыл.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы арқылы балаларды зиянды ақпараттардан қорғау саласындағы мемлекеттің принциптері айқындалады. Бұдан бөлек, құжатта зардапты ақпараттардың анықтамалары беріліп, зиянды ақпараттық өнімдердің айналымын тоқтатудың жолдары көрсетіледі. «Телерадиохабарлардың балаларға қолайлы уақыттары да заң жүзінде белгіленетін болады. Бұдан басқа, жаппай қолданыстағы интернет, ұялы телефон желілері арқылы балаларды рухани аздыратын ақпараттық өнімдердің таралуына тосқауыл қою жолдары да көзделген», - дейді Алдан Смайыл.
Оның айтуына қарағанда, бұған дейін елімізде арнайы заң тетіктерінің болмауы республикадағы балалар қылмысының өршуіне, басқа да өрескел қылықтардың артуына әкеп соқтырған. Бұл ретте депутат қоғамдағы суицид оқиғаларының жиілеп кеткенін де осындай құқықтық олқылықтың болуымен байланысатынын алға тартады.
«Қазақстанда 2009 жылы 202 бала өзінің өмірін қиған, 2010 жылы өзіне қол салған өрендердің қатары 211-ге жеткен. Міне, осы қатерлі көрсеткіш жыл сайын қайталану үстінде», - деп түйіндеді депутат А. Смайыл.