Балаларға сабақ 30 минут қана өткен: Жамбылда 204 ерекше баланың құқығы қорғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Меркі ауданының прокуратурасы «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ-нің (ППТК) қызметінде кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталу жағдайына талдау жүргізді.

Фото: «Қарлығаш» балабақшасы

Талдау нәтижесінде ППТК-ға баратын 204 кәмелетке толмаған балаға түзету көмегін ұйымдастыру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

Атап айтқанда, белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес баланың жасына қарай түзету сабақтарының ұзақтығы 35-тен 45 минутқа дейін болуы тиіс. Алайда, бекітілген сабақ кестесіне сәйкес ППТК мамандары өткізген сабақтардың ұзақтығы 30 минутты ғана құраған.

Сонымен қатар, білім алушылардың жеке дамыту бағдарламаларында көзделген сағат көлемі мамандардың қорытындылары мен ұсынымдары ескерілместен жоспарланғаны анықталды.

Сондай-ақ, жеке дамыту бағдарламалары, түзету сабақтарының кестесі және өткізілген сағаттарды есепке алу журналдары арасында сәйкессіздіктер анықталды.

— Прокуратураның қадағалау актісі бойынша балалардың түзету сабақтарының кестесі мен жеке дамыту бағдарламалары заң талаптарына сәйкестендірілді. Бұдан бөлек, анықталған заң бұзушылықтарға жол бергені үшін аталған мекеменің 15 қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Осыған дейін Президент әр облыста ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығын салуды тапсырды.