Балаларға зардабы ықтимал фильмдердің белгіленген уақыт талабын сақтауы қадағаланатын болады

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Депутат Алдан Смайылдың айтуынша, заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «Телерадио хабар тарату туралы», «ҚР бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі. «Қоғам мен адамға нарықтың өзімен қараған елдерде бейнелі ақпараттық өнім әзірлеуге балаларды тарту ертеден бар. Эротикалық және порнографиялық өнімдерге қатыстыру да күні бүгінге дейін тыйылмай келеді. Осы қылмыстық әрекет ТМД елдерінде де байқалып қалып жүр. Соның жолын кесу мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа 115-2 бап енгізілді. Ол бо йынша аталған қадамдарға барғандардың ақпараттық өнімдері мен материалдары тәркіленіп, қаржылай айып салынады. Қайталанған жағдайда әкімшілік қамауға алуға дейін шара қолданылатын болады», - дейді депутат. Бұдан бөлек, жаңа нормаларға сәйкес, балаларға зардабы болуы ықтимал фильмдер көпшілікке көрсетудің белгіленген уақыт талабын сақтауы қадағаланатын болады.

«Жарнамаға қатысты қолданыстағы заңнамада балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты ұғым жоқ болатын. Осы олқылықты толықтыра отырып, біз жарнама арқылы балалардың дамуы мен денсаулығына зиянын тигізетін, олардың өміріне ықтимал қауіп төндіретін ақпараттық өнімді насихаттауға тосқауыл қоятын боламыз. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандар пайдаланатын оқу-әдістемелік пәндер, оқу құралдары мен оқулықтар, дәптерлер мен күнделіктер жарнаманың кез келген түрін орналастыруға тыйым салынады. Бұдан бөлек, елімізде индекстелген фильмдер көрсетіліп келсе, ендігі күні олардың барлығымен қоса ақпараттық өнімдердің баршасы таңбаланатын болады», - дейді А. Смайыл. Депутаттың айтуынша, заңнаманың ішкі адами астары бірден байқала қалмауы да мүмкін. Алайда, терең зер салса ол мыңдаған, миллиондағандардың тағдырына қатысты. «БҰҰ халықты қоныстандыру саласындағы қоры дамушы елдерде ғана жыл сайын кәмелетке толмаған 7 млн. 300 мың қыз бала құрсақ көтеретінін хабарлаған болатын. Мұның 2 млн-ы 15 жасқа жетпегендер. Ал Қазақстандағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметі бойынша 14 жастағы жеткіншектердің 5-6 пайызы рұқсат етілмейтін қатынастарда болатыны көрсетіп отыр. Міне осының бәрін тоқтату керек, ол үшін осындай ұлттық адамгершілікке, мемлекеттік мұратқа арналған заң керек», - дейді ол.