Балаларға зиян: Meta-ға 1,4 триллион доллар айыппұл салынуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Калифорния соты Meta корпорациясын Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінің жұмыс істеу тәсілін өзгертуге міндеттеуі мүмкін. АҚШ-тың төрт штаты компанияны жастарды әлеуметтік желілерге тәуелді ететін платформалар құрып, олардың зияны туралы белгілі болған ақпаратты жасырды деп айыптап отыр. Бұл туралы 24 kg мәлім етті.

Фото: 24 kg

18 тамызда Калифорния штатының Окленд қаласындағы федералдық сотта Meta компаниясына қарсы маңызды сот процесі басталды. Кентукки штатының бас прокуроры бұл істі АҚШ тарихындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты ең ірі сот процесі деп атады.

Бұл іс бойынша қабылданатын шешім Facebook пен Instagram-ның жұмыс істеу тәртібіне, сондай-ақ жалпы әлеуметтік желілерді қолдану тәсіліне өзгеріс енгізуі мүмкін.

Сотқа талап арызды Калифорния, Колорадо, Кентукки және Нью-Джерси штаттары берді. Олар 29 штаттан тұратын кең ауқымды коалицияның атынан әрекет етіп отыр. Бұл штаттар 2023 жылы Meta компаниясының қауіпсіздік талаптарын сақтау тәжірибесіне жүргізілген көпштаттық тергеуден кейін алғаш рет сотқа жүгінген. Қазіргі сот процесін жүргізу үшін осы төрт штат таңдалған.

Талап арызда Meta компаниясы Facebook пен Instagram-ды жас қолданушылардың әлеуметтік желіде мүмкіндігінше ұзақ уақыт отыруына және тәуелді болуына ықпал ететіндей етіп әдейі жасағаны айтылған. Сондай-ақ компания өзіне балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына келетін зиян туралы белгілі болған ақпаратты жасырды деген айып тағылып отыр.

— Meta Facebook пен Instagram-ды балалардың бұл платформаларда көбірек уақыт өткізуіне жағдай жасайтындай етіп құрды. Бұл олардың физикалық және психикалық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Қоғамның ең осал топтарын корпоративтік пайданы арттыру үшін пайдалану — моральдық тұрғыдан да, заң тұрғысынан да дұрыс емес, — деді Калифорнияның бас прокуроры Роб Бонта.

Meta компаниясы тағылған айыптарды жоққа шығарады. Компания өкілінің айтуынша, штаттар ешкімнің алданғанын немесе компания әрекетінен зиян шеккенін дәлелдейтін нақты дерек ұсынбаған. Сондай-ақ ол штаттарды фактілерге сүйенудің орнына «орасан зор өтемақыға қол жеткізуге ұмтылып отыр» деп айыптады.

Компанияның мәліметінше, штаттар Meta-дан 1,4 триллион долларға дейін айыппұл өндіріп алуды талап етіп отыр. Бұл сома корпорацияның нарықтағы жалпы құнына шамалас.

Сот процесіне көмектесу үшін сегіз алқабиден тұратын кеңесші топ таңдалған. Алайда түпкілікті шешімді алқабилер емес, судья қабылдайды.

Талап арыз берушілер Instagram мен Facebook-тың жұмыс істеу тәсіліне түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Атап айтқанда, олар әлеуметтік желілердегі шексіз лента арқылы үздіксіз төмен қарай жылжыту функциясынан және жария түрде көрсетілетін «лайк» санынан бас тартуды сұрайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еурокомиссия Meta-ға миллиардтаған еуро айыппұл салуы мүмкін екенін жаздық.