Балаларға зорлық-зомбылықты лаңкестік қылмыспен теңестіру қажет – Мәжіліс депутаты

Фото: Виктор Федюнин / Казинформ

АСТАНА. KAZINFORM – Балаларға зорлық-зомбылықты лаңкестік қылмыспен теңестіру қажет. Мұндай пікірді BIZDIÑ ORTA подкасында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов білдірді.

- Меніңше, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты лаңкестік қылмыспен теңестіру керек. Егер мұндай адамдар біздің қоғамымызда болмаса, онда ол әлдеқайда қауіпсіз әрі жақсы болар еді. Мен педофилдерді өлім жазасына кесу керек деп есептеймін, - деді депутат.

Оның пайымынша, мемлекет оларды өмір бойына түрмеде ұстауы керек емес, кейін оларды емдеуге де ақша жұмсамауы тиіс.

- Өмір бойы сотталғандар өздерін жақсы сезінеді, тіпті жайлы өмір сүріп жатыр. Егер біз мұндай қылмыскерлерді өмір бойына қамамасақ, онда біріншіден, сотталғандар саны артады, екіншіден, бұл «адамдарды» бюджеттің есебінен тағы да күтіп-ұстауға тура келеді, - дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың атап өтуінше, балаға сексуалды зорлық-зомбылықты айтпағанның өзінде оны соққыға жығу мүлдем қабылданбайтын жағдай. Мұндай жарақат адамның өмір бойы жүрегінде қалады. Оның айтуынша, назар қылмыскерлерге емес, мүлдем айтылмайтын құрбандарға аударылуы тиіс.

- Қанша уақыт бойы қылмыс жасаған туралы айтып келеміз. Оларды қалай емдеу, қалай қамқорлық жасау жолдарын іздейміз. Бірақ неліктен әрдайым құрбандарды ұмытып кетеміз? Қылмыстық жауапкершілік жасын төмендету туралы мәселе көтергенде, маған «бұл балалар ғой» деп қарсы шықты. Алайда, неге құрбандар туралы сөз қозғамаймыз? Біз оларды ұмытып кетеміз, - деді ол.

Мәжіліс депутаты психологиялық көмек орталықтары мен мектеп психологтарының көп болуына қарамастан елде жасөспірімдердің суицид жасауы азаймай отырғанын айтады.

Оның пікірінше, зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту қажет.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрлігінің педофилдерді өмір бойы бақылауға алу жоспары барын хабарлаған едік.

Айта кетейік, елімізде педофилдерге түрмеден шыққанға дейін кастрация жасалмақ.