Балаларыма беске оқыңдар деген талап қойған емеспін — Татьяна Ким

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Wildberries интернет-дүкенінің негізін қалаушы, танымал ресейлік кәсіпкер, жеті баланың анасы Татьяна Ким Орталық Азия әйелдерінің форумында бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғады.

Фото: New Retail

«Алдарына мақсат қоямын. Дегенмен, еркіндік те бар. Мысалы, оларға ешқашан тек беске оқыңдар деген талап қойған емеспін. Балалардың болашағына қатысты ұстанымым өте қарапайым. Әр нәрсеге жауапкершілікпен қараса, өз бетінше шешім қабылдай білсе деймін. Мен тек кеңес бере аламын, қалғанының бәрі — тек олардың шешімі мен еркінде», — дейді Татьяна Ким.

Сонымен қатар, ол балаларына гаджетті көп ұстатпайтынын жеткізді.

«Мен де өзге ата-ана сияқты балалардың гаджетті жиі қолдануына қарсымын. Гаджет баланың ойлау қабілетін тежейді. Өйткені, интернет арқылы қажетті ақпаратты ізденбей-ақ тез табады. Мысалы, сегіз жасар ұлыма планшетті аптасына екі рет, жарты сағат ұстауына рұқсат беремін», — деді ол.

Интернет-дүкеннің негізін қалаушы кәсібіне қатысты жоспарымен де бөлісті. Айтуынша, Қазақстанда Wildberries интернет-дүкенінің екі хабы ашылады.

«Қазақстанда логистикалық екі кешен салынады. Алматы мен Астана қаласында. Алматыда қазір жер учаскесін қарап жатырмыз. Келесі жылы құрылысы басталады. Қазақстан - тауар айналымы бойынша үшінші ел. Оның үлесі - 60 пайыз. Біз қарқынды дамып келеміз. Осы елде сатып алушылармыз өте көп. Сондықтан, Қазақстанда хаб ашуды жөн көрдік», — деді ол.