Испаниядағы футбол турниріне балаларын жібермек болған ата-аналар алаяққа алданып қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды сылтау етіп, ата-аналардан ақша алған адам сотталды.

Фото: pexels

Сотта анықталғандай, сотталған адам ата-аналарды жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» тариф бойынша сапарын ұйымдастыратынына сендірген. Ол турнирге қатысу ақысы, әуе билеттері, визалық қызметтер, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу сияқты шығындарды төлеу үшін ата-аналардан ақша алған.

Алайда кейін ол өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Алынған қаражатты өз қалауы бойынша пайдаланған.

Оның әрекетінен тоғыз адам зардап шеккен. Оларға келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асты.

Сот үкімімен алаяқтық жасаған адам 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген залал сотталған адамнан өндіріп алынды.

Қала прокуратурасы балалардың шетелдегі спорттық жарыстарға қатысу сапарын ұйымдастыру кезінде ата-аналарға сақ болуға кеңес берді. Ұйымдастырушылардың өкілеттігін, турнирге ресми шақырудың, тиісті шарттардың, әуе билеттерінің және брондауды растайтын құжаттардың бар-жоғын алдын ала тексеру қажет.

Прокуратура тек ауызша уәдеге сеніп, ірі көлемде ақша бермеуге үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде пәтер алмақ болған 59 адам алаяқтарға алданып қалғанын жазғанбыз.