Арыс қаласының тұрғыны перзенттерін жарылыс болғаннан кейін іздеп жүріп әрең тапқан. Кейіннен сұрап білсе дүрбелең басталғанда бүлдіршіндер қауіпсіз жерге көшіріліп, Шардара қаласындағы «Балауса» балабақшасына жеткізілгені анықталған.
«Айтуға ауыз бармайтын сұмдық жағдайды бастан кештік. Ұл-қыздарым Дамирхан, Алина мен Сабинаны Шардара қаласындағы «Балауса» балабақшасынан алып, олармен қауыштым. Балаларыма өз баласындай қамқорлық танытқан шардаралық азаматтарға аналық алғысымды айтамын. Аналар баласын жоғалтпаса екен. Жан-жүрегім езіліп кетті. Балаларымның амандығын көргендегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын»,- дейді үш баланың анасы А. Өтешова.