Балаларының туған күнінде күре жолда көкпар ұйымдастырған Қонаев тұрғыны кешірім сұрады

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат- Полицейлер республикалық маңызы бар тасжолда кешкі уақытта көкпар тартқан шабандоздарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Алматы облысының полиция басшысы Бауыржан Әленов өзінің Іnstagram-дағы парақшасында мәлімдеді.

Айтуынша, осы жылдың 2 қыркүйегінде сағат 21:40-та Қонаев қаласында орналасқан «Береке» кафесінің жанындағы Алматы-Өскемен республикалық маңызы бар автожолының бойында, бір топ адам көкпар ойының өткізгені туралы хабарлама түскен.

«1979 жылы туған азамат, балаларының туған күніне орай, Қонаев қаласының шетінде «Көкпар» ұлттық спорттық іс-шарасын ұйымдастырып, оған басқа аудандардың спортшылары қатысқаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері іс-шараның ұйымдастырушысы мен қатысушыларын Қонаев қалалық полиция басқармасына жеткізді. Барлық қатысушы ҚР ӘҚБтК-нің 434, 406, 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп жазды Бауыржан Әленов.

Сонымен қатар, көкпарды ұйымдастырушы бұл әрекеті үшін кешірім сұрады.