Балалы отбасыларға қандай төлемдер қарастырылған

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада балалы отбасыларды қолдау жүйесі мемлекеттік жәрдемақыларды, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдерді, көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарды, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды қолдау шараларын қамтиды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Әлеуметтік қорғау саласында реттеу және бақылау департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлімдеді.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Оның айтуынша, мемлекеттік жәрдемақылар ата-ананың еңбек қызметіне қарамастан тағайындалады. Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер азаматтардың жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеуге бағытталған.

— Бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келген кезде отбасыға 164 350 теңге көлемінде біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Төртінші және одан кейінгі балалар туған жағдайда төлем мөлшері 272 475 теңге, — деді спикер Астана қаласының коммуникациялар алаңында.

Сонымен қатар ол жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Биыл оның мөлшері бірінші балаға — 24 912 теңге, екінші балаға — 29 454 теңге, үшінші балаға — 33 952 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға — 38 493 теңге. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Астана қаласында 7 821 отбасы осы жәрдемақыны алып отыр деп атап өтті.

Ал жұмыс істейтін ата-аналарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Асқар Аймағамбетов көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына да тоқталды. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар отбасылар көпбалалы отбасы ретінде танылады.

— Көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады. Оның мөлшері төрт баласы бар отбасыларға — 69 330 теңге, бес балаға — 86 673 теңге, алты балаға — 104 000 теңге, жеті балаға — 121 360 теңге. Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр балаға 17 300 теңгеден төленеді, — деді департамент басшысы.

Сонымен қатар марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. «Күміс алқа» иегерлеріне — 27 680 теңге, ал «Алтын алқа», «Батыр ана» атағын алған және I, II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға 32 000 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.

Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Биыл оның мөлшері 81 871 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Астана қаласында мұндай қолдау шарасымен 12 786 ата-ана қамтылған.

Айта кетейік, балалы отбасыларды қолдауға биыл 974 млрд теңге бөлінді.