Баламалы энергия көлемі 2020 жылы 1000 мегаваттқа жетуі тиіс
Осы бағытта 2009 жылы елімізде «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қабылданып, энергиялық тиімділікті арттырудың «Жасыл даму» кешенді жоспары жасалды. Жалпы, қабылданған бағдарламалардың мақсатты көрсеткіштеріне сәйкес, 2020 жылы баламалы қуат көздері арқылы өндірілетін электр энергиясының көлемін 1000 мегаватқа жеткізу көзделген. Бұл көрсеткішке 13 жел (793 мегаватт), 14 су (170 мегаватт) және 4 күн электр стансасының (77 мегаватт) арқасында қол жеткізілмек. Стратегиялық жоспар бойынша, жаңартылатын энергия көздеріне құйылатын инвестиция көлемі 107 миллиард теңгені құрауы тиіс.
Қазақстандағы жел, күн және су энергиясының потенциалы мынадай: жел - жылына 1820 Мвт/сағ., күн - 1300 - жылына 1800кВт.сағ\ м², су - 170 жылына Мвт.сағ. Еліміздегі ең алғашқы күн және электр стансалары Жамбыл облысының Қордай өңірінде ашылған.
Күн нұрынан энергия өндіруге қажетті технология да Қазақстанда өндірілуде. Астана қаласындағы «Astana solar» компаниясы энергия өндіруге қажетті кремний панельдердің екі түрін шығарады. Бағасы да шетелдік өнімдерден арзанға түседі. Онда 60 «ұяшығы» бар, 230 ватқа арналған фотоэлектрлік модульдік жинақ - 85 мың теңге тұрады. Жақында мұндай жинақтар Жаңатас қаласында да шығарыла бастайды. «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС және тайвандық «Nano Win Technology Co.» компаниясы арасында күн энергетикасын дамыту бойынша меморандумға қол қойылып, инвестор CIGS технологиясы негізінде жұқа пленкалы фотоэлектрлік панельдер шығаратын зауыт құрылысын жүргізуді көздеп отыр. Бұл жобаның жалпы құны - шамамен 160 миллион АҚШ долларына тең.
Сонымен, қолда барды түгендеп шықтық. Ендігі әңгіме - осы стансаларды кадрмен қамтамасыз ету жайында. Өздеріңіз байқағандай, инвестиция шет елдерден тартылуда, демек, стансаға қажетті мамандар мен саладағы инноваторлар да шекара асып келеді. Бізге қайсысы тиімді? Әрине, кадрларды өзімізде даярлаудың маңызы зор. Бұл орайда алмандық «LD DIDACTIC GmbH» компаниясының Қазақстандағы өкілі Жанәділ Суннатов оқу орындарында арнайы жабдықталған зертханалар ашып, жаңа мамандық түрлерін енгізуді ұсынады. Мұнда желден және күн нұрынан энергия өндірудің әдіс-тәсілдері оқытылмақ. Ол үшін мүдделі оқу орны арнайы құрылғы, қондырғыларды сатып алуы қажет. Атап айтқанда, студенттерге ғылымды меңгеріп, тәжірибелер жасау үшін табиғи құбылыстардан қуат алатын CPE-EN4500 тренажеры, одан өзге жел мен күнге арналған жекелеген тренажерлар, CP-S25 оқыту жүйесі, анализатор, САПР бағдарламалық қамтамасыз етуші, көпфункциялы электрометр, интерактивті жүйе, өзге де құрал-жабдықтар керек болады. Күн энергетикасын оқытуға 15 модульдік жинақтан тұратын кремний батарейлері жеткілікті. Шәкірттер алдымен теорияны оқыса, сосын тренажерларда жұмыс істеп, көңілге түйген білімін іс жүзінде байқап көрер еді.
Оқытудың бұл жүйесі бүкіл әлем демесек те, осы салаға айрықша көңіл бөліп, ден қойған бірқатар дамыған елдерде қолданылып жүр. Толық бағдарламасы да жасалған. Бір ғана лицензияланған бағдарламаның құны 3,5 мың АҚШ долларын құрайды. Жанәділ Жулыбайұлының айтуынша, бұл бергі жағы. Әлгіндей зертхананы жабдықтау жоғары оқу орны үшін 70, ал колледждер үшін 30 миллион теңгеге айналады екен. Ал, сақадай сайланған зертхана болмаса, маман даярлау тіпті де мүмкін емес. Осы орайда физика-математика ғылымдарының кандидаты Әлібек Нұрымбетов былай дейді:
- Ертеректе Германияға барған кезімде жаңғыртылатын энергия көздерінің ауыл шаруашылығында кең қолданыс тапқанын және «жасыл» энергетикадағы кәсіби мамандарды қалай даярлайтынын өз көзімізбен көріп, тамсанып қайтқан едік. Міне, енді германиялық оқыту жүйесі бізге де жетіп отыр. Оған қуаныштымыз. Біз мамандар, бұған дайынбыз.
Елімізде жаңа мамандық түрлері пайда болып, табиғи энергетиканы ел игілігіне жаратуды терең меңгерген мықты мамандардың өсіп шығарына сеніммен қараймыз.
Жанат Қапалбаева