«Баламалы қуат көздерін табу - өміршең міндет» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 қаңтар, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Алаштың айбыны мен айбарына айналған ажарлы Астанада Бүкіләлемдік ЕХРО-2017 көрмесі өтетін болды. Көрменің де көрмесі бар. ЕХРО Халықаралық көрмесі күнделікті көп шараның бірі емес. Оны өткізуге әлемнің әлеуетті елдерінің бәрі мүдделі. Жаһандық маңызы жөнінен Олимпиада мен футболдан әлем чемпионатынан кейінгі үшінші орынды иеленетін халықаралық аса ауқымды шара ЕХРО көрмесі болып табылады. Міне, енді 5 жылдан кейін кезінде Парижге - Эйфель мұнарасын, Лондонға - Хрусталь сарайын сыйлаған, ал Венаға әлемдегі ең үлкен мұнарасы бар павильон тұрғызған ЕХРО Бүкіләлемдік көрмесі Астанада өтеді. Қазақстан осы құрметті жеңіп алды. Міне осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті 4 жыл бойы тікелей осы Бүкіләлемдік көрме мәселесімен айналысқан, барлық ұйымдастырушылық жұмыстың басы-қасында жүрген Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы, «ЕХРО-2017 - Астана» Ұйымдастыру комитетінің хатшысы Айдар Қазыбаевты әңгімеге тартқан. Сұхбат «Баламалы қуат көздерін табу - өміршең міндет» деген тақырыппен берілген.

«Cоңғы кезде журналистердің көп қолданып жүрген тәсілі - сұхбат. Әрине жүзбе-жүз сұхбаттасып, кеңескен жақсы. Бірақ соның аржағында шындығы, тарихи негіз болу керек. Қазіргі кезде сылдыр сөзге құрылған әңгіме, сұхбаттар көбейіп кетті. Қоғамдағы болып жатқан жағдайға, құбылысқа жанасымы болса бір сәрі. Әйтеуір ой айту керек, бетті толтыру керек деп бөсіп сөйлей беретіндердің сұхбаттарын оқып жүрміз», - деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Өз өнерімізді өгейсітпейік» деген тақырыптағы мақаласында. Бұл ретте ғалым осы басылымда белгілі ақын, қа­рым­­­ды журналист Қорғанбек Аманжол мен әнші, өнер­танушы Ерлан Төлеутайдың «Қай­дасың, кәусар бұлақ­­тар?» атты қазақ өнерінің қазіргі кез­дегі насихатталуы жөніндегі ой-пікір­лері, толайым толғам­да­ры адамды еріксіз ойландыратындығын баса айтқан.

***

«Казахстанская правда» газетінің бүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың православиелік христиандар мен барша қазақстандықтарды Рождествомен құттықтауы жарық көрді. Елбасы өз құттықтауында: «Православиелік христиан­дар мен барша қазақ­стан­дық­тарды жарқын мереке - Рож­дес­твомен шын жүректен құттық­таймын. Мемлекеттің өз азаматтарының ру­хани ұмтылысына деген ізгі де сый­­ластықты көзқарасы - біздің еліміздегі дінаралық келісімнің ең басты негіздерінің бірі. Адам­заттың мәңгілік ақиқаттарына, адам­­гершілікке, өзара құрмет пен қолдауға сүйене отырып, біз бар­лық конфессиялардың дамуына жағдай жасадық, ортақ үйіміз - Қазақстан Республикасында бей­бітшілік пен келісімді сақтай алдық», - дейді.

***

«8 жасар алматылық Алуа Қарғабаева Кариб аралдарында өткен «Әлемнің кішкентай ханшайымы-2012» халықаралық сұлулық байқауының вице-миссі атанды. Біздің сұлу атақпен қоса «Үздік шығармашалық нөмір» сертификаты мен Голливудқа шақырту алды», - деп жазады «Время» газеті «Алуа, от тебя мы без ума!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, байқауға әлемнің түпкір-түпкірінен келген 24 қыз қатысқан. Еліміздің атынан Алуамен бірге «Байқаудың жаңа келбеті» атанған үш жасар семейлік Жәния Дүйсенбаева мен 3 пен 5 жас аралығындағы жас санатында вице-мисс атағын жеңіп алған 4 жасар алматылық Софи Манасян өнер көрсеткен.