Баламен қарым-қатынас мәселелері бойынша дауды шешудің бірыңғай тәртібі енгізілді

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 2025 жылғы 13 сәуірден бастап ата-аналар мен басқа да жақын туыстар арасында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне байланысты дауды шешудің бірыңғай ережесі қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұған дейін бұл мәселелер қорғаншылық органдарымен қаралғанымен, әр өңірде әртүрлі тәсіл қолданылған болатын. Енді Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген ортақ тәртіп барлық өңірде бірдей іске асады.

Ата-анаға немесе жақын туыстарына — атасына, әжесіне, ағасына немесе әпкесіне баламен қарым-қатынас жасауға шектеу қойылған жағдайда, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына өтініш бере алады.

Өтінішке келесі құжаттар қоса тіркеледі:
• жеке куәліктің көшірмесі;
• наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден анықтамалар;
• соттылығының жоқтығы туралы анықтама;
• мекенжайын растайтын құжат.

— Біз алғаш рет осындай күрделі де сезімтал мәселелерді шешудің бірыңғай тәртібін енгізіп отырмыз. Бұл — баланың құқығы мен мүддесін қорғауға, оның жақындарымен байланысын үзбеуге бағытталған нақты қадам, — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Қорғаншылық органы өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап шығады. Осы мерзімде мамандар екі тараппен жеке сөйлесіп, қажет болса тұрмыстық жағдайды зерделейді. Егер бала 10 жасқа толған болса, оның да пікірі ескеріледі. 

Айта кетелік дарынды баланы қалай тәрбиелеу керектігі жөнінде жазған болатынбыз