Баланы иттерден аман алып қалған Алматы облысының тұрғыны жазаланбайды

Фото: Polisia.kz

АЛМАТЫ. KAZNFORM – Алматы облысының полиция департаменті баланы иттердің шабуылынан аман алып қалған ер адамның жауапқа тартылатыны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

- Аталған азаматқа қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданған жоқ, - делінген полиция хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 32-бабы («Қажетті қорғаныс») бойынша ер адамның әрекеті өзін-өзі қорғауға жатады. Заңға сәйкес, өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қатер төндіретін шабуылды тойтару кезінде қажетті қорғаныс жағдайында зиян келтіру қылмыстық жазаланатын әрекет емес.

- Осылайша, кәмелетке толмаған баланы жануарлардың шабуылынан арашалап қалған азаматтың әрекеті қолданыстағы заң талаптарын бұзбайды және оған заңды жауапкершілік жүктелмейді, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жануарлардың иесінің әрекеттері жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға беріледі. Заңнама талаптарының қандай да бір заңбұзушылық белгілері анықталған жағдайда, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

Осыған дейін Алматы облысында баланы ит талау оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жаздық.