Баланың TikTok-тағы уақытын қалай басқару керек – вице-премьер Ермек Көшербаевтан лайфхак
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта баланың TikTok-тағы уақытын қалай басқару жолдарын атаған.
- TikTok параметрлеріндегі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі үшін ата-аналар «Родительский контроль» (ата-ана бақылауы) бағдарламасына қосылып, «Семейные настройки» бағдарламасы арқылы ата-ана жасөспірімнің есептік жазбасын (аккаунт) өз есептік жазбасымен байланыстыра алады, - деп жазылған ресми жауапта.
Бұл тетік арқылы ата-ана баласының қолындағы гаджеттің экран уақытын шектеп, есептік жазбаның құпиялылық орната алады, жеке хабарламаларды қауіпсіз етіп баптай алады.
- TikTok онлайн платформасының ішкі ережесіне сәйкес, оны 13 жастан асқан адамдар ғана қолдана алады және платформадағы кейбір мүмкіндіктерге кәмелет жасына толмаған жастар үшін қол жеткізе алмайды. TikTok платформасын пайдаланушылар экран уақытын 40, 60 минут, бір жарым сағат немесе кез келген басқа қалаған уақытқа орнату арқылы жасөспірімдердің онлайн платформаны пайдалану уақытын шектей алады. Ал ата-аналар орнатқан уақыт шегі аяқталғаннан кейін жасөспірімдерден әлеуметтік желіні пайдалануды жалғастыру үшін құпия сөзді енгізу сұралады. Ол құпия сөзді енгізген жағдайда ғана қосымша 30 минутқа қоса алады. Ата-аналар белгіленген кесте бойынша TikTok хабарландыруларын өшіре алады. Атап айтқанда, 13 пен 15 жас аралығындағы пайдаланушылар 21:00-ден бастап, ал 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер 22:00-ден бастап хабарлама алмайды, - деп жазады Ермек Көшербаев.
Жауапта Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған SIM-карта енгізу мәселесін әлі пысықтап жатқаны да айтылған.
- Арнайы SIM картаның көмегімен ата-аналар балаларын бақылап, олардың онлайн уақытын шектей алатын болады. Мұқият талдау жүргізіп, халықаралық тәжірибені зерделегеннен кейін бұл бастама заңнамалық деңгейде бекітіледі, - делінген вице-премьер жауабында.
Еске салсақ, TikTok-тың бас компаниясы ByteDance Еуропа қолданушыларының жеке деректерін Қытайға заңсыз жібергені үшін 500 млн еуродан астам айыппұл салынуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.