«Балаңмен бірге отырып көретін кино керек» - баспасөзге шолу
Сонымен, республикалық "Айқын" басылымының бүгiнгi санында "Абылай ханның суреті бізге қалай жетті?" атты танымдық мақала жарияланды.
"Ағылшын саяхатшысы Яган Кассель 1735 жылы сызған Әбілқайыр хан мен оның ұлы Ералының суреттері бізге аман-есен жетті. Ал Абылай ханның тірі кезінде суретін сызғандар болған-болмағанын, бізге жетпегендіктен, білмейміз. Ал осы уақытқа дейін кең тараған Абылай хан суреті 1943 жылы Германияда пайда болғанын және оны кәсіби маманданбаған суретші әрі ақын-жазушы Мәжит Айтбаев салғанын білеміз бе?", - деп жазады газет.
"Мәжит Айтбаев Абылай ханның суретін аңыз-әңгімелер негізінде қиял-болжаммен салған. Әрине, Шоқан Уәлихановтың портретін де негізге алған. Сөйтіп, бұл суретті 1943 жылы «Милла Түркістан» газетінде жариялайды. Сәбит Мұқанов Шоқан жайында жазған «Аққан жұлдыз» романында дүниеге шыр етіп келген Шоқанды көрген ақсақалдар «арғы атасы Абылайдан аумаған екен депті» деген сөз-сөйлемді келтіреді. Расында да, ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Шоқанның кескіні ұлы атасы Абылай ханға аумай тартқан екен", - делiнедi мақалада.
"Қазақстанды масқаралайтын фильмдердің «қара тізімі» жасалуы мүмкін бе?". Осы сауал төңiрегiнде "Айқын" басылымы ой толғайды.
"Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Алайда осындай фильмдер елге, ұлтқа абырой әпермейтіндігін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашық айтты. Министрдің пікірінше, бізге керегі жасампаздық туралы фильмдер", - делiнген "Балаңмен бірге отырып көретін кино керек" атты мақалада.
"Ал сыналған фильмдер төңірегінде халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов: «Бәлкім, министр ініміз ойланар, толғанар. Бұл алашапқын дүниеменен дырдулап, ала шауып, қырып тастаймын, алып тастаймын дегенмен дүние бітпейді. Керісінше кәсіби мамандарды бағалау керек. Солармен ақылдасу керек» деген құлаққағыс жасады.
Қысқасы, Мәдениет министрі бюджет ақшасына «Қазақфильм» түсіретін туындыларға бақылау қажеттігін жөн санайды. Жас режиссерлерге азғындық, қоғамның көлеңкелі тұстарын емес, елдегі жақсылықты көбірек насихаттауды ұсынып отыр", - дейдi мақала авторы.
"Әсіресе, өмірдегі бейсаналық деңгейде жүретін қарама-қайшылыққа толы құбылыстарды зерттеу нысанына алған фильмдердің жеңіске жетуінің мүмкіндігі зор. Көптеген авторлар осы тұста әлеуметтің ішкі қайшылықтарын барынша ашуға күш салады. Кейде режиссерлар келеңсіз әлеуметтік сипаттағы фильмдерімен жүлде үшін елінің абыройын бәйгеге тігіп, халқының рухын жығып беріп жатқанын өздері де түсінбейді", - делiнедi аталмыш мақалада.
*** Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылданды, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газетi. Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының елімізді өз қатарына ресми қабылдау шарасына қатысу үшін Швейцарияның Женева қаласына келді. Аталған ұйымның штаб-пәтері осы қалада орналасқан.
Отырыста Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы өзінің сөзінде ДСҰ-ға мүше барлық елдерге, Ұйым хатшылығына келіссөздер барысындағы сындарлы ұстанымдары мен қолдауы үшін, сондай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобындағы төрағалықты қолдағаны үшін Финляндия Үкіметіне алғысын білдірді. Елбасы Қазақстан үшін бұл оқиғаның тарихи мәні зор екенін айтты.
«Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық. Біздің посткеңестік кеңістікте бірінші болып ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ие болуымыз осыны дәлелдей түседі. Оның «Болашақтың энергиясы» тақырыбы энергетикалық ресурстарды үнемді пайдалану проблемасының адамзат үшін неғұрлым өткір сипатқа ие болғандығын білдіреді. Халықаралық қоғамдастық үшін «жасыл» экономика және орнықты даму қағидаттарына көшу - баламасыз таңдау. Осыған байланысты ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің әлем үшін маңызы зор. Бүгінгі күні ондаған мемлекет көрме аясындағы жұмысқа өз ықыластарын білдірді. Осы өтіп жатқан оқиға жағдайын пайдалана отырып, сіздердің елдеріңізді Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамын», - деді Қазақстан Президенті.
"Отырыс қорытындысында мүше елдер өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның ДСҰ-ға қабылданғандығы туралы хаттама әзірленді. Оны енді Парламентіміз ратификациялауы керек. Сол кезден бастап біз ДСҰ-ның толыққанды мүшесіне айналамыз. Әрине, көрінген таудың алыстығы жоқ. Оның үстіне, ДСҰ өзі тарапынан бізді мүшелікке қабылдады. Енді қалғаны Қазақстанның өзінің ішкі рәсімдік мәселелері. Сондықтан бұл сәтті шынайы тарихи сәт деп айтатынымыз айқын", - делiнген аталған материалда.
"Егемен Қазақстан" газетiнде Қарағанды шахтасында қызмет атқарып, денсаулықтарын сарп еткен шахташы ардагерлердiң мұңын жоқтаған "Кеншілер «емшілерге» неліктен өкпелі?" атты мақала басылды.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы Көмір департаментінің бұрынғы ардагер жұмысшылары (регресшілер) компанияның «Гиппократ» медициналық фирмасымен келісімшартты бұзуын талап етуде. «Гиппократ» шахтерлердің Қарағанды қаласындағы медициналық-санитарлық бөлімін 2013 жылы өз қарамағына алған болатын. Енді кеншілер сол емдеу мекемесін шахтерлердің бірден-бір жанашыры - «Қорғау» кәсіподағына қайтаруды сұрап отыр. Шахтерлердің айтуынша, кеншілердің емдеу мекемесіне коммерциялық құрылым қожалық ете бастаған сол 2013 жылдан бері қарапайым шахтерлер өздеріне тиесілі салалық емдеу орнының медициналық жәрдемінен құр қалған. Шахтада пәленбай жыл еңбек еткен мүгедек кеншілер өз қаражатына қаралып, емделуге мәжбүр», - делiнген мақалада.
«Қорғау» кәсіподағының талабы сол - шахтерлерге тегін медициналық қызмет көрсету жүйесі қалпына келтірілуі керек. Ең дұрысы, медсанбөлімді кәсіподақтың қарамағына берген абзал. Немесе «Қорғау» кәсіподағы мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының арасында бірлескен серіктестік құрып, емдеу ғимаратының екеуін де сол серіктестікке жалға беру қажет. Сонымен қатар, емдеу шараларынан түскен кірістерді коммерциялық мақсаттарға пайдалануға тыйым салып, тек кеншілерді емдеу-сауықтыру шаралары мен емдеу орнын дамытуға жұмсалуы тиіс. Кәсіподақ «Гиппократпен» таласып отырған жоқ. Тек, ұжымдық келісімшартта көрсетілгендей, шахтерлерге дұрыс медициналық қызмет көрсетілсе дейді.
***
"Қобыздан көптеген ауруға дауа екенi ресми түрде дәлелдендi. Көне аспаппен қатар, қазақстандық музыкалық терапевтер қазiргi заманғы композицияларды да қолданады, мәселен Қайрат Нұртастың өлеңдерi ем жасауға қолайлы". Бұл туралы "Экспресс К" басылымы "Моцарт лечит цирроз печени. Домбра - все остальное" атты мақалада хабарлауда.
"Павлодарлық халық емшiсi Күмiсжан Мұқашева өз пациенттерiн қобызбен емдеп келедi. Ол осы аспапта күй әуелетiп, оларды трансқа енгiзiп жiбередi. Кейiн Күмiсжан адам жанымен байланыс орнатып, оны тазартуға кiрiседi. Күмiсжан алдына келген адаммен байланысты терең орнатуы соншалық, ол оның барлық өткен ғұмырын, ал ең бастысы - сол адамның дертiн дөп көре алады. Қобыз үнi арқылы емшi адамды психологиялық ауыртпалықтардан және депрессиядан емдейдi", - деп жазады газет.
"Астанада да музыкалық терапияны қолданатын мамандар бар. Оның үстiне олар адамдарға магнитофондық жазбалар арқылы ем қондырады. - Көптеген логопедтер кекештенiп сөйлейтiн адамдарды музыкамен емдеп келедi, - дейдi астаналық психолог Аяш Құрбаева. - Сөйлеу барысындағы ақаулардан арылу үшiн күнiне екi сағат Моцартты тыңдап отырса жеткiлiктi. Бала күнiнде француз актерi Жерар Депардье кекештiктен осылай арылған. Ақылды көп талап ететiн жұмыста қызмет iстейтiн адамдарға Моцарт музыкасын тыңдауға кеңес беремiн. Егер бiр мәселенiң шешiмiн таппай жатсаңыз, Моцартты тыңдаңыз, көп ұзамай, сiздiң ойыңызға шешiмдердiң түрлi жолдары келедi. Композитордың музыкасы ми қабығына қатты әсер етедi және адамдның ой-парасатын арттырады. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Психолог Аяш Құрбаева жүйке тозуын Қайрат Нұртастың әндерiмен емдейдi", - делiнген аталмыш мақалада.