Баланың бойында батылдықты қалыптастыратын 10 қағида

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ел болам десең бесігіңді түзе» демекші, кез-келген тұлғаның тұлғалық қасиеттері бесіктен бастау алады. Ал Ислам діні қаршадайынан бастап, ұл баланың бойына батырлық пен қажырлылық, жауапкершілік пен аманатшылдық, сертіне беріктік пен бауырмалдық сияқты ұлы сипаттарды сіңірудің қағидаларын ұсынады, деп жазады asylarna.kz.

1. Баламен сөйлескенде немесе оны еркелеткенде дұрыс аттармен атау. Бала өзін жасынан ересек сезініп, жауапкершілік сезімін түсініп өскені абзал. Баланы еркелеткен кезде оны төмендететін жаман, лақап ат немесе қысқарған атпен атамай, ұлттық менталитет пен ислами қағидатқа сай жәкесі, пәленшенің әкесі, пәленнің ағасы деген сияқты жағымды аттар мен атау керек. Сонда баланың өз-өзіне деген бағасы артып, сана-сезімі жоғарылап, өзінің ересектерге ұқсайтынын сезінеді. 2. Балаларды қонақ келгенде ересектермен бірге отырғызу. Бұл балалардың зеректігі мен зияткерлігін арттырып, ересектерден үлгі алуға мүмкіндік береді және олардың ойын мен ермекке шектен тыс беріліп кетуін тежейді. 3. Балаларға ата-бабамыздың елін қорғаған есіл ерлігі және имандылық қасиеттері жайлы әңгімелерді құлағына құйып өсіру. Міне, осылайша бала жүрегінде шынайы еліктеуге тұрарлық идеал тұлғаның бейнесін қалыптастыру. Бұл балалардың ержүрек болып өсуіне қажетті батылдық сезімін ұялатып, тәрбиелейді. 4. Көпшілік ортада баланы жасытпай, лайықты құрмет көрсету. 5. Балаларды нысана ату, жүзу, атқа міну, күресу, ат бәйгесі сияқты ерлер спортына баулу. 6. Ер баланы нәзіктік пен әйел табиғатына тән сипаттардан аулақ ұстау. Ердің әйелге, әйелдің ерге ұқсауы шариғатта харам нәрсе болып саналады. Сондықтан, баланың қылығы, киімі әйел затына ұқсап кетуінен барынша сақтану керек. 7. Балаға өзінің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік беру, оны басқалар алдында кемсітуден сақтану. Басқа үлкен адамдармен амандасқан сияқты балаларға да сәлем беру, олардың өзге ересек адамдармен тең дәрежедегі адам екенін сезіндіріп, менің де қоғамға қажетім бар екен ғой деген түсінік қалыптастырып, өмірден өз орнын табуға жетелейді. Екіншіден, баламен ақылдасып, кеңесу және олардың пікірімен санасу. Міне, осылай еткенде, бала өзіне көңіл бөлінгенін біледі. Бұл да өз кезегінде балаға үлкен рухани демеу береді. Үшіншіден, жасы мен мүмкіндіктерін ескеріп, жауапты істерді орындауға бұйыру. Себебі, бала осындай істерді орындау арқылы үйренеді, піседі, кемелденеді. Төртіншіден, құпияларды сеніп тапсыру. 8. Керек кезде баланы батылдық танытуға, сондай-ақ, халық алдында сөз сөйлеуге үйрету. Бала жастайынан көпшілік алдында сөйлеп үйренсе, жасқаншақтық пен жасықтықтан ада болып, қандай жерде болмасын қысылмай ойын айта алатын, батыл, шешен болып есейеді. 9. Баланы шектен шыққан сән-салтанат, жайлылық, жалқаулық, жұмыссыздықтан аулақ ұстау. 10. Баланы мақсатсыз кездесулер, қажетсіз ойын-сауықтар мен пайдасыз басқосулардан аулақ болуға үйретіңіз. Себебі, бұлар ерлік және байсалдылық қасиеттеріне қайшы келетін істер болып табылады. Уақытты қажетсіз бос нәрселерге жұмсап үйренген бала өмірлік маңызды істерде тиянақсыз болып шығады. Өйткені, ол шынайы маңызды нәрсе мен маңызсыз нәрсенің айырмасын сезіну қабілетінен айырылады. Міне, тілімізге тиек еткен осындай нәрселердің барлығы ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды. Ертеңімізді ойласақ, болашақ ұрпағымызды ездіктен ада етіп, ерлікке баулиық, бауырлар!