Баланың орта мектепті аяқтардағы емтиханды қалай тапсыратынын 7 жасында білуге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ноттингем Университеті мен Бристоль Университетінің ғалымдары 7 жасар бала бір тапсырмаға зейін қойып, ойын жинай алмаса, онда орта мектепті аяқтардағы емтиханда қиналады деген қорытынды жасады. Мұндай тұжырым жасау үшін мамандар 11 000-нан астам баланың мәліметін зерттеген, деп жазды «Psych Central».

Зерттеу бойынша, балалар жеті жасқа толғанда, олардың ата-аналары мен мұғалімдері анкета толтырған. Зерттеушілер балалардың қасиетін, соның ішінде алаңғасарлығын, белсенділігін, албырттығын және өзге де проблемаларын арнайы анкета сұрақтары бойынша бағалайды.

Кейін мамандар бұл ақпаратты зерттеуге қатысқан балалардың 16 жасқа толғанында салыстырады. Осылайша, зерттеушілер 7 жасар баланың алаңғасарлық өлшемі бойынша бір ұпайы 16 жаста емтихан тапсыруы кезінде 2-3 ұпайын төмендеткенін аңғарды. Емтиханда жақсы бағаға қол жеткізу мүмкіндігі мұндай балаларда 6-7% кем. Сонымен қатар, ата-анасын тыңдамайтын балалардың оқу үлгерімі нашар болған. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық ата-аналар, мұғалімдер мен дәрігерлер үшін бала тәрбиесіндегі өте маңызды мәселе.