Баланың туу туралы куәлігін бірден перзентханада алуға болады

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы үш және Алматы қаласындағы екі перинаталдық орталықта Қазақстан Республикасының электрондық үкімет бұрыштары пилотті режимдегі жұмысын бастады. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазіргі кезде олар халыққа электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) беру, бала тууын тіркеу, балабақшаға кезекке қою қызметтерін көрсетіп жатыр.

«Электрондық үкімет бұрыштарын перзентханаларда орнықтырудың басты артықшылығы - нәрестені перзентханадан шығарған кезде ол Қазақстан Республикасының азаматы болып тіркеледі және балабақшаға кезекке тұрғызылады. Сондықтан да аналарға мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ», - деп, Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бағдан Мусин белгіледі.

Астанада электрондық үкімет бұрыштары №1, №2 перинаталдық орталықтарында және қалалық перзентханада, ал Алматыда «№3 перзентхананың перинаталдық орталығы» МКК және №1 перзентханада жұмыс істейді.