Балаңыздың бос уақытын қалай өткізетінін қадағалаңыз – полиция ескерту жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың полиция департаменті ата-аналарға жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке болмаған балаларының бос уақытын қалай өткізетін бақылау керектігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ескерту жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жасалып отыр. Мәселен, күні кеше ғана елорданың полиция қызметкерлері жоғалып кеткен 13 және 14 жастағы 2 жасөспірімді тауып, ата-аналарына табыстады.

«Полицияға 13 жастағы жасөспірімнің анасы жүгініп, қызының шамамен сағат 10-30-да үйден шығып кеткеніне және осы уақытқа дейін оралмағанына, қайда жүргенін білмейтіндігіне арызданды. Криминалдық полиция қызметкерлері жасөспірімді тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен тапты. Жасөспірімнің ата-анасымен жанжалдасып қалғаны анықталды. Екінші оқиға кезінде 14 жастағы қыз анасымен ренжісіп қалып, түнгі сағат шамамен 01-00-де үйден шығып кеткен. Таңға жақын баласының үйде жоқ екенін білген анасы полицияға арызданды. Полиция қызметкерлері жүргізден жедел іздестіру іс-шарасы барысында жасөспірім Есіл өзені жағалауында табылып, ата-анасына табысталды», - деп атап өтеді департаменттен.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, осы жылдың басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жоғалуына байланысты 80 қылмыстық іс тіркелген. Балалардың барлығын полиция қызметкерлері волентерлерді жұмылдыру арқылы тапты.

«Волонтерлер жоғалған балалар мен қарт адамдарды іздеуге қатысып, полицияға үлкен көмек көрсетеді. Туындаған түрлі төтенше жағдайлар кезінде қол ұшын созып, сол арқылы өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын танытады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов.