«Балапан» арнасы жаңа маусымдағы жаңалықтарымен бөлісті
«2017 жылға арналған тележобалар арнайы байқау нәтижесінде анықталды. Онда телехикая, оқу-танымдық анимация, музыка, юмор сияқты жанрлық бағыттар қамтылды. Әрбір телеөнім психолог, педагог, жазушы, көпбалалы ана, композитор, анимация режиссері сынды сарапшылардың сынынан өткен», - деп хабарлады телеарна.
«Балапан» арнасында көрсетілетін контенттің (мультфильм, бағдарлама, кино) 47% отандық өнімді құрайды. Ал Disney, Dreamworks, SONY, Nickelodeon, Iconix, Mondo TV сияқты әлемдік ірі дистрибьюторлардан алынатын өнім үлесі - 53%.
Өткен жылы «Балапан» арнасы «Әли мен Айя», «Сәлем, Астана!», «Көжектер» атты отандық анимациялық фильмдерімен кішкентай көрермендерді қуантқан еді. Биыл олардың қатары «Саяхат сарбаздары», «Алан мен қозықа» сынды мультхикаялармен толықтырылады. Сондай-ақ, «Қалқанқұлақ» телехикаясының тұсаукесері де осы күзге жоспарланған. Ал Наурыз мерекесіне арналған «Наурызға асық» атты комедиялық екі сериялы фильмі осы айдың 21-22 күндері эфирден көрсетіледі.
Шетелдік мультхикаялар ішінен «Викингтер», «Нильс Хольгерсон», «Дуда мен Дада», «Марин және оның достары» сынды туындылар қазақ тіліне аударылды. Алдағы уақытта «Элвин және Боршатышқандар (Бурундук)», «Леди Баг» сынды әлемге танымал анимациялық туындылар да көрермен назарына ұсынылады.
Жаңа маусымның ең күлкілі оқиғасы «Күлдір-бүлдір» деп аталады. Мұндағы негізгі идея - бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айшықтау. Бас кейіпкер ақкөңіл Ғалым Расул есімді кенже ұлын патшадай бағамын деп, тым еркелетіп алады. Әке мен кенже ұл арасындағы қызықты ситуациялық комедия 20 наурыздан бастап көрсетіледі.
«Балапан» телеарнасы жаңа маусымда тағы да «Диснейлендке» жолдама сыйлайды. Балалардың сүйікті бағдарламасына айналған «Шытырман» спорттық-интеллектуалдық жобасының жеңімпазына ертегілер елін аралау мүмкіндігі беріледі. Өткен жылы аталмыш спорттық сайыста жеңіске жеткен 9 жасар Қанат Қатырбата «Диснейлендке» жолдама ұтып алып, ғажайып қалашыққа саяхат жасап келген болатын.
«Балапан» поштасына аптасына 50-ге жуық хат келіп түседі. Барлығына жауап беріп, тікелей эфирде кері байланысқа шығады. Өздерінің салған суреттерін, фотосуреттерін жіберіп, әрдайым жаңалықтарымен бөлісіп отыратын ең белсенді көрермендерін «Балапан» жазғы каникулда Астанаға шақырып, «Астанадағы бір күнім» атты телеэкскурсия өткізеді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Балапан» телеарнасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Қазақстандағы балалар премиясы өткізілді. Шалғайдағы ауыл, алыс-жақын елді мекен, қалалардан 2000-нан астам өтінім келіп түсті, соның ішінде ең үздік деген 25 балаға «Балапан жүлдесі» табысталды. Жүлдеге тек таланттылар ғана емес, адам өмірін құтқарып, ерлік жасаған жас батырлар да ие болды. Бұл жобаны дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар. Мүмкіндігі шектелуі балалар да «Балапан» арнасының назарында. Олар «Балапан жұлдыз» музыкалық бағдарламасына қатысып, үлкен сахнадан өнер көрсете алады.