«Балапан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері БҚО-да мектепке дейінгі ұйымдар саны 125-ке көбейді

None
ОРАЛ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған үш жылдан бері мектепке дейінгі ұйымдар саны 125-ке көбейсе, соның 24-і - балабақша, 101-і - шағын орталықтар.

Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде өңірде 469 мектепке дейінгі ұйым болса, соның 145-і - балабақша (екеуі жеке, 25 бала), 39 мектеп-балабақша кешені, 285-і - шағын орталық (бесеуі жеке, 227 бала), бұларда барлығы 27582 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Өңірде 3-6 жастағы балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 2010 жылғы көрсеткіштен (93,2 пайыз) 2,4 пайызға өсіп, 95,7 пайызға жетті (республикалық көрсеткіш - 72,5 пайыз).

Жыл сайын «Балапан» бағдарламасына сәйкес жаңа ғимараттар бой көтеруде. Айталық, биыл Орал қаласының Самал көшесінде шетелдік инвестиция есебінен 350 орындық балабақша іске қосылды. Оралға қарасты «Арман» шағынауданында 50 орындық жеке балабақша, Ақсай қаласында 50 орындық «Ромашка» жеке мектепке дейінгі шағын орталық ашылды. Сонымен қатар республикалық бюджет қаражаты есебінен Оралға қарасты Зачаган кентінде 360 орындық балабақша, «Жаңа орда» шағынауданында 240 орындық (соның ішінде 70 орындық балабақша) жеке мектеп-балабақша кешенінің құрылысы басталды.

Осындай жұмыстар жаңа жылда да жалғаспақ.