«Балапан» кішкентай көрермендерге қонаққа барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Балапан» арнасында кішкентай балаларға арналған «Балапан қонаққа барады» шарасы жуырда өз жалғасын тапты.

 «Балапан» арнасының редакциясына елдің барлық аймақтарында тұратын кішкентай көрермендерден сан-алуан хаттар келіп түсті. Кішкентай көрермендердің жіберген хаттары, соның ішінде өздерінің суреттерін, шығармалары арқылы тоқтамастан телеарнаға деген жылы лебіздерін  білдіруде.

Осы уақытқа дейін арнаның түсірілім тобы Астана, Алматы, Қостанай, Көкшетау және Павлодар қалаларында тұратын кішкентай көрермендеріне қонаққа барып та үлгерді. Сол уақытта «Балапан» арнасының шығармашылық тобы көңілдері қуанышқа толы балаларға куә болды. Олар сүйікті арнасымен кездесуді жай ғана күтіп отырмай,  арнайы дайындалған тосын сыйлармен арна ұжымын қуантып та үлгерді.

Әрбір кішкентай бүлдіршіндердің барлық елге өзінің би билеу, ән айту, қызықты әңгімелер айту, сурет салу сияқты өнерімен танымал болуға мүмкіндігі туды

Аталмыш шараға қатысу үшін 10 ақпанға дейін «Балапан» арнасының редакциясына хат жолдау қажет. Сол арқылы телеарнаның ұжымы ең қызықты деген хатты таңдап, сіздерге қонаққа жол тартады, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі.

Хаттарыңызды Астана қаласы, Қонаев к-сі, 4, «Қазмедиа» орталығы «Балапан» арнасының редакциясына немесе balapantv@kaztrk.kz электронды поштаға жолдай аласыздар.