Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісінде аталмыш акционерлік қоғамның президенті Нұржан Мұхамеджанова мәлім етті.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының теле, радиохабарлар тарату туралы» заңы медиаиндустрияның жаңа, тарихи кезеңін қалыптастырды деуге болады. «Бұл заңның қабылдануын біз ұзақ күткен едік. Абырой болғанда, өткен жылы бұл құжат күшіне еніп, еліміздің ақпарат тарату саласына тың серпін берді. Бұл заң ұлан-байтақ жері бар мемлекетімізде сандық телевизия тарату ісіне үлкен жол ашып отыр. Сонымен қатар ол елдегі хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдары арасында бәсекелестіктің орын алуына ықпал етуде», - деді акционерлік қоғам президенті.
Оның сөзінше, елімізде жақында ғана құрылған «Мәдениет» телеарнасы осыған дейін 16 сағат, «Балапан» телеарнасы 13 сағат хабар таратып келген. «Ал биылғы жылдың қаңтарынан бастап, «Балапан» телеарнасы 17 сағат хабар таратуда. «Бұл біздің кішкентай бүлдіршіндерімізге деген қамқорлығымыздың көрінісі. Сондықтан бұл мәселені ерекше атап өткім келеді», - деді Н.Мұхамеджанова.