«Балапан» телеарнасында - «Алтын құлын» халықаралық жыр додасы!

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -«Балапан» телеарнасы жас жыршылардың арасында елімізде алғаш рет «Алтын құлын» атты халықаралық жыр додасын ұйымдастырады.

Бұл туралы телеарнаның баспасөз қызметі хабарлады.

Байқауға 7 мен 15 жас аралығындағы халқымыздың асыл мұрасы - ауыз әдебиетіміз бен мәдениетімізді жалғастырушы дарынды, өнерлі балалар қатыса алады. Байқаудың өңірлік іріктеу турлары мамыр айының 13-і мен 19-ы аралығында өтеді. Оған Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерінің жас дарындары қатысады.

Жыр додасына қойылатын негізгі талаптар: батырлар жырын мәнерлеп оқу шеберлігі; байқауға берілген (жас ерекшелігіне қарай) «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» жырларын міндетті түрде толығымен жатқа білу және басқа да жырлардан үзінділер оқу; қазақтың ұлттық аспаптарының бірінде ойнай білу; халқымыздың салт-дәстүрлерін білу; қазақи нақыштағы киім үлгісі; жыр айтудан басқа да өз өнерін көрсету, яғни ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен халық әндерін, термелер орындау немесе күй тарту.

Қатысатын талапкерлердің жас ерекшеліктері: кіші топ, 7-11 жас аралығы; үлкен топ, 12-14 жас аралығы.

Аймақтық айналым өңірлерде 2014 жылдың 13-19 мамыр аралығында (Атырау, Шымкент, Өскемен, Көкшетау облыстары және Алматы мен Астана қалаларында); жартылай және ақтық финалдар маусым айында Астана қаласында өтеді.

Қатысушыларды бағалауда баланың жаттау және есте сақтау қабілеті, оқу мәнері, актерлік шеберлігі ескеріледі. Байқау ережелері мен жыр нұсқаларын «Балапан» телеарнасы сайтынан (balapantv.kz) аласыздар.

Тұңғыш дарынды жыршылардың өнер бәйгесінде өз бағыңды сына, жас өрен!