«Балапанды күзде санайды немесе қыркүйекке дейін кемінде 50 әкім ауыстырылады» - БАҚ-қа шолу
***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VІ Астана экономикалық форумының аясында Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жаһандық дағдарыстан шығу жолын іздеген жиын» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, БҰҰ-ның қолдауымен тұңғыш рет өткізіліп отырған Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияны (БДҚК) өткізу бастамасын алғаш рет күн тәртібіне қойған да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сөйтіп, Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткерлер, сарапшылар және іс басындағы мамандар әлемдік экономиканың жаһандық дағдарыстан шығу жолдарының түйінді проблемаларын тілге тиек етті. «G-Global»-дың басты мақсаты әлемдік дамудың жаһандық парадигмаларын бей-берекет өзгерту үрдістеріне тиімді оң баламалар ұсыну болатын. Ол бес қарапайым да түсінікті қағидаттың біріктіруші әлеуеттеріне негізделген. Еске сала кетсек, олар: біріншіден, эволюция және саясаттағы революциялық өзгерістерден бас тарту; екіншіден, әділеттілік, теңдік, консенсус; үшіншіден, жаһандық толеранттылық және сенім; төртіншіден, жаһандық транспаренттілік; бесіншіден, жүйелі көптектілік», - деді жиын барысныда Н.Назарбаев.
«Үстіміздегі жылғы 26 қыркүйекке дейін Ұлттық комиссия «А» корпусына іріктеп алған резервтегілер кемінде Қазақстандағы 50 қала мен аудан әкімдерін ауыстыратын болады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов мәлімдеді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Балапанды күзде санайды немесе қыркүйекке дейін кемінде 50 әкім ауыстырылады» деген тақырыптағы мақаласында.
«Мен «А» корпусындағы 550 орынға 2000 адамның тапсырыс бергенін атап өткім келеді. Бұлардың 200-і біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін кадрлар ретінде алынып қалды. Алғашқы 7 күннің ішінде 1800 адамның 1100-ге жуығы тестілеуден өтті. Бұлардың шамамен 67 пайыздайы сынақты сәтті тапсырса, 37 пайыздайы құлап қалды. Бұдан шығатын қорытынды сол, 50-ден астам қала мен ауданның әкімі өз біліктері мен білімдерінің төмен екенін көрсетті. Демек, 26 қыркүйекке дейін олардың орындарын Ұлттық комиссия іріктеп алған резервтегілер қатарындағы басқа кадрлар басады», - дейді Ә.Байменов.
***
Ішкі істер министрлігінде әйелдердің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлеріне, нысандары және әдістеріне, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларға аналитикалық зерттеулер жасайтын арнайы қызмет құрылған. Бұл міндеттерді іске асыру үшін Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиялармен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз қарым-қатынас жасайды. Осы ретте «Айқын» газеті Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаевпен осы бөлімнің қызметі жайлы сұхбаттасқан. Сұхбат «Жәбірленген әйел тиісті орындарға ашық түрде жүгіне алмайды» деген тақырыппен берілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, бүгінде ғаламторға тәуелділік атты жаңа дерттің пайда болғаны жасырын емес. The Independent басылымының мәлімдеуінше, адамның ғаламторға тәуелділігі ішімдік, кокаин немесе марихуанаға тәуелділікпен бірдей екен. Негізінен, компьютер тұтынушыларының 5-10 пайызы ғаламторға тәуелді. Ересектерді былай қойғанда, бұл күнде жасөспірімдер мен бүлдіршіндер де ғаламтор атты шексіз әлемге байланып отыр. Өкінішке қарай, елімізде ғаламтордан зиян шеккен балалар туралы дерек жоқ. Өйткені ел аумағында арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілмейді екен. Әйткенмен мектеп жасындағы балалар әрқилы әлеуметтік желілердің тұрақты «қонағына» айналғалы қашан. Тіпті сабақ үстінде ұялы телефон арқылы хат алысатын оқушылар да жеткілікті. Мақала «Балаға жабысқан дерт» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев VI Астана экономикалық форумы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-ші сессиясының төрағасы В.Еремич, БҰҰ Экономика және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Нестор Осорио, Фиджи аралдары республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі, Қытай және 77 тобының төрағасы Р.Кубуабола, БҰҰ Бас хатшысының Экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У.Хунбо, БҰҰ ЮНКТАД сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы С.Панитчпакди, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - Еуропа экономика комиссиясының атқарушы хатшысы С.Алкалай және БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған экономика және әлеуметтік комиссиясының бас экономисі және директоры Н.Кумар қатысты.