Баласы ұстазға дөрекілік танытқан ата-ананы жазалау керек пе – Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымы
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі баласы ұстаздарға дөрекілік танытатын ата-аналарды жазалау мәселесіне қатысты ұстанымын білдірді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында тілшілер министрлік өкілдерінен: «Қазіргі уақытта көптеген оқушы ұстаздарына дөрекі қылық танытып, оларды мұқатып, көргенсіздік танытып жатады. Осы мәселеде, педагогтардың құқықтарын қорғауда министрлік ұстанымы қандай? Сіздердің ойларыңызша, мұндай оқушылардың ата-аналарын жазалау қажет пе?», - деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң соңғы 5 жылда күшінде екенін атап өтті.
- Бұл заң ең алдымен мұғалімдердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Егер ата-аналардың не оқушылардың тарапынан жанжалды жағдай туындаса, онда педагог құқығы міндеттіт түрде қорғалуы тиіс. бәрі де нақты жағдайға байланысты. Түрлі жайттар болады әрі оның әрқайсысы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте, ата-аналар жиналысында, сондай-ақ жұртшылық қатысатын кездесулерде жеке-жеке қаралады. Егер оқушының немесе ата-ананың әрекеті әкімшілік құқық бұзушылыққа жатса, онда заңда ата-аналарға айыппұлды қоса алғанда әкімшілік жауапкершілік көзделген, - деді ол.
Бұған дейін орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығы толық жойылғанын жазған едік.