Баласын вакциналаудан бас тартқан ата-ана оны денсаулық құқығынан айырады - А.Цой

АСТАНА. ҚазАқпарат - Баласын вакциналаудан бас тартқан ата-ана оны денсаулық құқығынан айырады. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой мәлім етті.

«Қазақстанда вакцина салдарынан туындаған өлім-жітім, мүгедектіктің бірде-бір жағдайы тіркелмегенін атап айтқым келеді. Сонымен қатар, ата-аналар вакциналаудан бас тарту нәтижесінде өз балаларының денсаулық құқығынан айыратынын білуі тиіс», - деді А.Цой.

Оның алға тартқан деректеріне сәйкес, соңғы 20 жыл ішінде халықты иммундау нәтижесінде қызылшамен сырқаттану 4000 еседен астам көрсеткішке, көкжөтелмен - 6,8 есеге, эпидемиялық паротитпен 181,6 есеге, А вирустық гепатитіне шалдығу - 146 есеге төмендеген.

«Егу кезеңіне дейінгі уақытпен салыстырғанда балалар арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттану 482 есеге азайған. «А» вирустық гепатиті, сіреспе ауруларына шалдығу көрсеткіші төмен деңгейде сақталып тұр. Дифтерия, полиомиелит жағдайлары тіркеліп жатқан жоқ»,- деді ол.