Бали аралында қонақүйлер мен мейрамханалардың жаңа құрылысына тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Индонезия билігі Бали аралында жуырдағы жойқын су тасқынынан кейін жаңа қонақүйлер мен мейрамханалардың салынуына тыйым салды, деп хабарлайды The Guardian.
Су тасқыны салдарынан 18-ден астам адам қаза тапты, мыңдаған тұрғын Денпасар мен көршілес аудандарда зардап шекті. Жойқын апат үйлерге, инфрақұрылым мен қоғамдық нысандарға үлкен шығын келтірді.
Губернатор Ваян Костердің мәлімдеуінше, биылдан бастап ауыл шаруашылығы және егістік жерлерді коммерциялық мақсатта игеру тоқтатылады.
«2025 жылдан бастап бірде-бір өнімді жер қонақүй немесе өзге де нысан салуға берілмейді. Бұл шешім Бали аралының 100 жылдық даму жоспарына енгізілді», – деді ол.
Экологтар көптен бері аралдағы шамадан тыс туризмнің қаупі туралы дабыл қағып келген. Олар жерді бақылаусыз игеруді шектеу табиғи апаттар қаупін азайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Бали күріш алқаптары мен әсем жағажайларымен әйгілі болғанымен, соңғы онжылдықтарда аралда қонақүй және туристік нысандар шамадан тыс көбейіп, жергілікті халық пен қонақтардың наразылығын туғызған.
Былтыр да Индонезия билігі жаңа қонақүйлердің құрылысына мораторий енгізетінін хабарлағанымен, ол жоспар жүзеге аспаған. Енді жаңа нормативтік құжаттар 2025 жылдың соңына дейін күшіне енуі тиіс.
Бұл шешім Индонезия метеорологиялық агенттігінің биылғы маусымда экстремалды жауын-шашын күтілетіні туралы ескертуінен кейін қабылданып отыр. Ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруі салдарынан нөсерлер жиілеп, кенеттен болатын су тасқындарының қаупі күшейген.
Бұған дейін Бали аралында соңғы он жылдағы ең күшті су тасқыны тіркеліп, апатқа байланысты бір апталық төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.