БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға Казталов ауданы аумағында болды.
«Көршілес Жаңақала ауданының тұрғыны, 35 жастағы ер адам 20 қазан күні кешкісін «ВАЗ-2110» автокөлігімен шығып кеткеннен оралмаған. Көлік Казталов ауданы Қарасу ауылы мен Ащысай елді мекені арасындағы даладан табылды. Ол досымен бірге балық аулаған, кейін дүкенге кірген.
Қараөзенге жақын маңда іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған жедел құтқару жасағы (5 адам, 1 жүзу құралы, 1 техника), аудандық ТЖ (1 адам) мен полиция бөлімі (6 адам, 2 техника), жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар (13 адам, 3 техника) жұмылдырылды. Кеше сондай-ақ тікұшақ та тартылды», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, 22 қазан күні Жаңақала аудандық полиция бөліміне Жаңақала ауылының тұрғыны, 33 жастағы әйелден арыз түскен. Оның сөзіне қарағанда, 20 қазан, сағат 14.30-да күйеуі «ВАЗ-2110» автокөлігімен 36 жастағы досымен бірге Жаңақала ауданымен шектесетін Қараөзенге балық аулауға кеткен. Соңғы рет сол күні сағат 22.30-да хабарласқан. Ол көлігі сынып қалып, адасып кеткенін айтқан. Автокөлік Казталов ауданы Қарасу ауылынан 6-7 шақырым жерден табылған. Қазіргі кезде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.