Өзгерістер Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 4 қарашадағы бұйрығымен бекітілді. Құжатта балық аулауға рұқсат етілген құралдар мен тәсілдердің тізімі жаңартылған.
Кәсіпшілік балық аулау үшін құрма, ығызба, дрифтерлі және қоршайтын ауларды пайдалануға болады. Сондай-ақ трал, жылымның бірнеше түрін, сүзекі, сүйретпе, вентерлер мен шаян аулағыштарды қолдануға рұқсат етіледі.
Тізімге жайын аулауға арналған арнайы құралдар, кемелерге орнатылатын балық сорғы және эрлифтерлі қондырғылар, артемия цисталарын жинауға арналған жабдықтар да енген.
Балық аулайтын ауларға жеке талап қойылған. 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін түрлі үлгідегі ауларды пайдалануға болады. Алайда диаметрі 0,2 миллиметрден жіңішке синтетикалық нейлон немесе басқа да полиамидті моножіптен тоқылған, көзінің өлшемі 100 миллиметрден кіші ауларды қолдануға болмайды.
Әуесқой балықшылар қалқымалы, шыбындық, түпті, тастама және иілмелі қармақтарды, воблер, жерлица, дөңгелек, блесна, мормышка мен троллды пайдалана алады.
Белгіленген талаптар сақталса, су астында балық аулауға арналған мылтықты да қолдануға болады. Ал бір балықшы үштен артық шаян аулағыш пайдалана алмайды.
Бұйрық 2026 жылғы 21 қарашада күшіне енеді.
Балық аулауға уақытша тыйым салу мерзімдері мен биыл өзгерген ережелер туралы осы материалдан оқи аласыз.
Еске салайық, қазан айында Каспий теңізінде шекарашылар браконьерлердің жалпы ұзындығы 88 шақырым болатын балық аулау құралдарын тәркіледі. Ауға түскен бекіре және басқа да балық түрлерінің 2 337-сі табиғи ортасына жіберілді.