Балық қорын шығынға ұшырататын себеп көп — ихтиолог
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Статистикаға сүйенсек, еліміздің ихтиофаунасында балықтың 150-ден астам түрі кездеседі. Су айдындарындағы кәсіптік қор көлемі — шамамен 55 мың тонна. Балық аулау және оны қорғау, балық қорын молайту жұмысы жөнінде Kazinform тілшісіне ихтиолог, балық өсіру саласының сарапшысы Мейрамбек Пазылбеков айтып берді.
Оның сөзіне сүйенсек, жыл сайын балық қоры биомассасының 20-25 пайызын аулауға рұқсат берілген. Шамамен 30 мың тонна тауарлы балық экспортталады.
Ихтиолог бізбен әңгімесінде Сыр өңіріндегі балық шаруашылығының жайын қозғады.
— Сырдария — трансшекаралық өзен. Су жөнінен біз Қырғызстан мен Өзбекстанға тікелей тәуелдіміз. Олардың Сырдарияның суына қатысты өз мақсат-мүддесі бар. Балықтар өзен бойын өрістейтін және теңізде қалатын болып екіге бөлінеді. Өзенмен көтерілген бөлігінің уылдырығы өзен суымен ағып келіп, теңізге жеткенше жүзе алатын қалыпқа келеді. Ал дарияның суы тобыққа жеткенде су маржанының төменге түсуі қиындайды. Өзен өте үлкен және лай екені белгілі. Жағаны шайып, құм-топырақ шөгінділері теңізге құяр аймаққа жиналып, судың ағысына кері әсер етеді. Бұл екінші жағынан теңіздегі балықтың өзенге қарай өрістеуіне кедергісін тигізеді, — деді Мейрамбек Пазылбеков.
Қызылорда облысында негізгі дақыл күріш болғандықтан Сырдариядан көптеген арна су алады. Маман осы орайда табиғи балық қорын шығынға ұшырататын себептерді атап өтті.
— Кеңес одағы кезінде балық үркіту құрылғылары қолданылған. Олар ескіріп, істен шыққасын канал арқылы көктемгі маусымда егістіктерге балық кіреді. Ол он мыңдаған гектар күріш алқабына — бірнеше ауданның аумағына кіріп, жаздың соңына қарай егіс алқабындағы су деңгейі түскесін шабақтар мен балықтар сол жерде қалып, шіріп, ит-құсқа жем болады. Балық үркіту құрылғыларын енді неге қайтадан орнатпайды десеңіз, айтайын. Біріншіден, Қазақстанда жасалмайды. Екіншіден, оны орнату және күтіп ұстау — қосымша шығын. Үшіншіден, бізде оның тілін білетін маман жоқ. Күріш шаруашылықтары негізінен жеке болғандықтан шығындалғысы келмейтіні түсінікті, — деді Мейрамбек Пазылбеков.
Кейіпкеріміз елімізде полиамидті-монотінді аулау құралына тыйым салынғанына қарамастан оның заңсыз шекара асып келіп сатылып жатқанын жасырмады.
— Халық «Қытай ауы» деп жүрген құралды әлемнің көптеген елі мәдениетті түрде қолданады. Бізде тыйым салынғасын шекарадан заңсыз өткізіп, тығып сатады. Балықшылардың оны пайдаланатынын инспекторлар біледі. Өйткені аудың басқа түрі жоқ. Қытай ауының пайдалы жағы — шірімейді, қолдануға оңай, жіптері шатаспайды, жеңіл, бойына су жиналмайды, суда тұрған кезде көрінбейді. Керісінше жағы — өте тез тозады, жөндеуге келмейді, бағасы арзан болғасын балықшылар құрған жерінде қалдырып кете береді. Жинап жағаға әкелейін десе, инспекторлардан қорқады. Судың астында жүз жыл жатса да шірімейді. Оған түскен шабақ, шаян шіріп, қоқысқа айналады. Су борсып, жанына ештеңе жолай алмайтын күйге түседі. Қазақстан заңы бойынша полиамидті-монотінді аудан бөлек шанышқы пайдаланғаны, балықты электр тоғымен ұрып аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тоқтың қауіптілігі сол, белгілі бір радиустағы балықтар су бетіне қалқып шығады. Тірі қалғаны ұрпақ әкелмейтін жағдайға түседі. Оның орнына жылым, кермеше, құрма ау, қармақ сияқты заңмен рұқсат етілген аулау құралдарын пайдаланған дұрыс, — деді ол.
Ихтиолог әлемдегі ең үлкен проблема — экология екенін, су астынан мұнай өндіру, кәріз суының мұхиттар мен өзен-көлдерге көптеп құйылуы, тұрмыстық қатты қалдықтардың төгілуі салдарынан табиғат ластанып жатқанын жеткізді.
— Дамыған елдердің ішінде түгел дерлік теңіз жағасында орналасқан Норвегия өз территориясындағы қоқысты тауысып, көрші елдердің тұрмыстық қалдығын өңдеуді жолға қойған. Ал Қазақстандағы жағдай көңіл қынжылтады. Жазғы демалыста кез келген су қоймасының жағалауында қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл халықтың экомәдениетінің төмендігін көрсетеді, — деді балық өсіру саласының сарапшысы.
Бұған дейін біз Арал ауданындағы Қамыстыбас балық питомнигінде қырық жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан тоған бригадирі, балықшы Қылышбек Байбосыновпен сұхбаттасқан едік.