Балық шаруашылығы субъектілерін E-fish жүйесінде тіркеу күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM – «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді. Бұл «Аквашаруашылық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Оған сәйкес, балық шаруашылығы субъектілері балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу бойынша ақпараттық E-fish жүйесінде міндетті түрде тіркелуге, сондай-ақ оған қажетті мәліметтер мен деректерді уақтылы енгізуге тиіс.
— Тіркеу және ақпарат ұсыну тәртібін балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Аталған түзетулер 2025 жылғы 13 тамыздан бастап заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.
Саланы ашық жүргізу және балық өнімдерінің көлеңкелі айналымына жол бермеу мақсатында E-fish ақпараттық жүйесі 2024 жылғы шілдеде Балық шаруашылығы комитетімен пилоттық режимде енгізілген. Жүйенің негізгі мақсаты — есепке алу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, балық ресурстарын өндіру мен айналымын мониторингтеу үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ саланы тиімді басқаруға арналған бірыңғай деректер базасын қалыптастыру.
E-fish жүйесі нақты уақыт режимінде балық пен балық өнімдерін аулау көлемін, тасымалдау және өткізу барысын қадағалауға, статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз етуге, бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жүйенің функционалының арқасында балық шаруашылығы субъектілері уәкілетті органға міндетті есептерді қашықтан тапсыра алады, сондай-ақ үйден не кеңседен шықпай-ақ электронды өндірістік журнал жүргізуге қол жеткізеді.
Қазіргі уақытта E-fish бірқатар негізгі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, соның ішінде «Е-лицензиялау», ӘІБТ мен ТСОБТ, «АСТАНА-1», ББАЖ «E-Agriculture» жүйелерімен интеграцияланған.
E-fish жүйесін енгізу және ауқымын кеңейту — балық шаруашылығын цифрлық трансформациялау жолындағы маңызды қадам, әрі ашық, тиімді және тұрақты саланы қалыптастыруға бағытталған шара.
Бұған дейін хабарланғандай, Жайық-Каспий бассейнінде 34,5 млн-нан астам шабақ құтқарылып, табиғи ортаға жіберілді.