Балық өсірудің бейнеті жемнен басталады
Сәкен Қонысов балық шаруашылығын 2025 жылы қолға алған. Қазір кәсіпкердің қарамағында балық өсіруге арналған 3,7 гектар жер бар. Бұған дейін жайылым болған аумақты қазір балық өсіруге бейімдеп, шаруашылық жүргізуге қажетті құжаттар рәсімделген. Тоғандарда тұқы (карп) мен сазан өсіріледі. Қолда бар балықтың жалпы көлемі шамамен 30-40 тоннаға жеткен.
Сырт көзге балық өсірудің жайы түсінікті көрінуі мүмкін. Әуелі шабақ сатып аласың, жем бересің, балықты жетілдіріп, нарыққа шығарасың. Бірақ осы тізбектің әр буыны шығынға тіреледі. Әсіресе жем бағасы шаруалардың қалтасына салмақ салып тұр.
Сәкен Қонысов 20 мың шабақ сатып алуға 2 миллион теңге жұмсаған. Әр шабақтың салмағы 15-20 грамм шамасында, бір данасы орта есеппен 100 теңгеден келген. Ал балықты тауарлық салмаққа жеткізу үшін кететін жем шығыны бұдан әлдеқайда көп.
– Басында балық жемін дайын күйінде сатып алып жүрдік. Келісі 850 теңгеге дейін жетті. 20 мың шабақты өсіру үшін жемге кеткен шығынның өзі 36 миллион теңгеге жуықтады. Балықтың салмағы артқан сайын жемге деген қажеттілік те көбейеді. Мәселен екі келі балық өсіру үшін кемінде 3,5 келі жем керек. Осындай бағада жем сатып ала берсек, шаруашылықты жүргізу қиын, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, балықтың өсу қарқыны жемнің сапасы мен мөлшеріне тікелей байланысты. Жемді жеткілікті беріп, күтімін дұрыс жасаса, салмағы 100 грамм балықты алты ай шамасында екі келіден асыруға болады.
Осы себептен кәсіпкер шығынды қысқартудың басқа жолын іздеген. Биыл 21 тамызға дейін дайын жем сатып алып келген ол енді балық азығын өзі өндіруге кіріскен. Жемнің құрамына жүгері, бидай, соя, күнбағыс күнжарасы және басқа да қоспалар кіреді. Жалпы 16 түрлі құрамдас бөлікті пайдаланады. Өз есебі бойынша, осылай әзірленген жемнің бір келісі шамамен 250 теңгеге түседі.
Алайда кәсіпкердің айтуынша, жемді арзандату мәселесімен бірге өнімді өткізуге қатысты тағы бір түйткіл туындаған.
– Жемді өзіміз әзірлеуге көшкеннен кейін шығынды азайтамыз деп ойладық. Құрамын да зерттеп, қажетті қоспаларды қосып отырмыз. Бірақ жемді ауыстырғанымызды естіген бір сатып алушы балығымызды алудан бас тартты. Енді бір жағынан өндіріс шығынын азайтуға тырыссақ, екінші жағынан дайын өнімді өткізу мәселесі бар, – дейді Сәкен Қонысов.
Өсірген балықты өткізу неге қиын?
Сұраныс болғанымен, кәсіпкер өзі тұрақты сатып алушы табуға және өнімді сауда орындарына жеткізуге тиіс. Оның үстіне, табиғи су айдындарынан ауланған балық пен қолдан өсірілген балықтың шығыны бірдей емес.
– Біз балықты өсіруге жем сатып аламыз, оған уақыт пен қаржы жұмсаймыз. Ал табиғи су айдынынан ауланған балықтың шығыны басқаша. Кейбір жабайы балықтың көтерме бағасы келісіне 800-1 500 теңге аралығында болады. Бізге сол бағамен саудаға шығу қиын, өйткені өсіруге кеткен шығынды да жабуымыз керек, – дейді кәсіпкер.
Оның есебінше, қазіргі 30 тоннадай өнімді келісіне 2 800-3 000 теңгеден өткізе алса, бір жылда шығынын жауып, 30-40 миллион теңге шамасында пайда табуға мүмкіндік бар. Бұл, әрине, кәсіпкердің өз есебі.
Сәкен Қонысов шаруашылықты дамыту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңге несие алған. Қаражаттың шамамен 25 миллионы бір гектар тоған дайындауға, 2 миллионы шабақ сатып алуға, қалғаны жемге жұмсалған. Кейін жем өндіруге қажетті құрал-жабдық пен шикізат алу үшін тағы 25 миллион теңге алған.
Кәсіпкер үшін жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлеме тиімді болғанымен, несиені қайтару мерзімі де маңызды. Оның айтуынша, шаруашылықтың өндірісін жолға қойып, өнімді өзі өңдеп, сататын деңгейге жету үшін қосымша уақыт қажет.
– Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаудың көмегі бар. Бірақ жаңа бастаған шаруашылық бірден тұрақты табысқа шығып кетпейді. Тоғанды дайындау, шабақ өсіру, жем мәселесін шешу, өнімді өткізу арнасын қалыптастырудың бәріне уақыт керек. Сондықтан несие бойынша жеңілдік кезеңін тағы бір жылға ұзартса деймін. Сол уақыт ішінде балықты өзіміз дайындап, сатуға мүмкіндік туар еді, – дейді ол.
Балық өсіруге мүмкіндік жеткілікті ме?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, биыл елімізде 698 аквашаруашылық субъектісі тіркелген. Олардың көбі Ақмола, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Ал балық өсіруге пайдалануға болатын резервтік су айдындары мен учаскелерінің саны 189-ға жеткен. Оның 151-і көл-тауарлы шаруашылыққа, 38-і торлы өсіруге арналған.
Қазақстанда тұқы, сазан, ақ амур, дөңмаңдай, бақтақ, бекіре және жайын тұқымдас балықтар өсіріледі.
Министрлік түсіндіруінше, шаруашылықтар балық өсіруге арналған биологиялық негіздеме әзірлеп, су айдынының жай-күйін, су сапасын, қолданылатын технология мен өндіріс мүмкіндігін бағалауға тиіс. Бұл талаптың мәні де түсінікті. Балықтың түрі мен өсіру әдісі жергілікті жағдайға сәйкес келмесе, салынған қаржының ақталуы қиындайды.
Өндірісті кеңейту үшін шабақтың сапасы, жемнің қолжетімділігі, су мен электр қуатының шығыны, өңдеу қуаты және өткізу жүйесі қатар дамуы керек.
Саланы тежейтін мәселелердің қатарында жем тапшылығы да бар. Сәкен Қонысовтың дайын жемнің қымбаттығына байланысты өз өндірісін бастауға мәжбүр болуы бұл мәселенің шағын шаруашылық үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Ал жем өндірісі жолға қойылмайынша, балық өсірушілердің шығынын азайтып, бәсекеге қабілетті баға қалыптастыру қиын.
Отандық балықтың сыртқы нарықтағы жолы
Елде балық нарығы ішкі өндіріспен ғана шектелмейді. Балық пен балық өнімдері шетелге жөнелтіледі, сонымен қатар мұхит пен теңіз балықтарының едәуір бөлігі импорт арқылы келеді. Сондықтан отандық аквашаруашылықтың әлеуетін бағалағанда өндіріс көлемімен қатар, экспорт пен импорттың құрылымына да назар аудару қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстаннан 21,1 мың тонна балық пен балық өнімі экспортталған. Оның жалпы құны 78,7 миллион АҚШ долларын құрады. Көлемі жағынан Ресей негізгі бағыттардың бірі болғанымен, экспорттан түсетін кірістің елеулі бөлігі алыс шетел нарықтарына тиесілі.
Мәселен, Данияға 2,1 мың тонна өнім 17,4 миллион долларға, Литваға 2,2 мың тонна өнім 12,6 миллион долларға сатылған. Нидерланды, Польша және Германия да қазақстандық балық өнімдерін алатын елдердің қатарында. Қытайға да өнім жөнелтіледі. Еуропа мен Қытай нарығына, негізінен, мұздатылған сүбе сияқты қосылған құны жоғары өнімдер шығады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне көбіне мұздатылған, кептірілген және тұздалған балық жеткізіледі.
Филе дайындау, мұздату, сақтау және тасымалдау сияқты кезеңдер өнімнің нарықтағы құнын арттыра алады. Бірақ мұның бәрі тиісті жабдықты, өндірістік инфрақұрылымды және тұрақты өткізу арнасын қажет етеді.
Ал Қазақстанға Норвегия мен Чилиден албырт, сондай-ақ басқа да теңіз балықтары жеткізіледі. 2025 жылы Норвегиядан шамамен 13,9 мың тонна балық пен балық өнімі 89 миллион долларға, Чилиден 4,8 мың тонна өнім 40 миллион долларға импортталған. Бұған қоса елге майшабақ, скумбрия, минтай және өзге де өнімдер әкелінеді.
Жем өндірісі саланың жүгін жеңілдете ме?
Министрлік дерегіне сәйкес, 2021-2025 жылдары балық өсіру және өңдеу бағытында 95 жоба іске асырылған. Оларға салынған инвестиция көлемі 25,6 миллиард теңгеге жетіп, жылдық өндірістік қуаты 21 мың тоннадан асқан. 2025 жылы жалпы құны 4,2 миллиард теңге болатын сегіз жоба пайдалануға берілген.ербол
Ал 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық жоспарға 41 жоба енгізілген. Олардың жалпы құны шамамен 60 миллиард теңге. Жобалар аясында жылына 14 мың тонна балық өсіру, 10 мың тонна өнім өңдеу және 30 мың тонна балық жемін өндіру қуатын қалыптастыру көзделген.
Балық өсіру көлемін арттыру үшін жемді сырттан сатып алуға тәуелділікті азайту, сапалы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну қажет. Әйтпесе жаңа тоғандар мен өндіріс орындары іске қосылғанымен, жемнің өзіндік құны шаруашылықтың табысына салмақ түсіре береді.
Жем өндірумен қатар, өсірілген балықты өңдеу мен сақтауға арналған инфрақұрылымды дамыту да маңызды. Өнімді тірідей немесе шикі күйінде өткізуге тәуелді шаруашылық нарықтағы бағаға осал келеді. Ал өңдеу мүмкіндігі болған жағдайда кәсіпкер өнімін әртүрлі күйде ұсынып, сату мерзімі мен нарығын кеңейте алады.
Сәкен Қонысовтың мақсаты да осыған саяды. Ол жемді өз күшімен өндіру арқылы шығынды азайтуды бастап кетті. Бұл жолда жеңілдетілген несие маңызды болғанымен, оған қоса өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін жағдай қажет.
Айта кетейік, бұған дейін, Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығын жазған едік.