Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, жоба Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекетке қайтарылған активтерді өңірлік инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағыттау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды.
Реконструкция нәтижесінде әуежайдың инфрақұрылымы жаңғыртылып, ұшу қауіпсіздігінің деңгейі арттырылды, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Әуежай ашылған сәттен бастап бүгінге дейін 85 рейс орындалып, 10 681 жолаушы тасымалданды.
— Қала тұрғындары мен қонақтары әуе қатынасының қайта жандандыруын, әуежайдың заманауи келбетін және қызмет көрсету сапасының жақсаруын оң бағалап жатыр. Әуежайды реконструкциялау Балқаштың көлік қолжетімділігін арттыруға, туризм мен өңір экономикасының дамуына қосымша мүмкіндік жасауға ықпал етті, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қайтарылған активтер есебінен 49,3 шақырым су және кәріз желісі жаңартылғанын хабарлаған едік.