Балқаш қаласында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әуежай реконструкциясы аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағанды облысының Балқаш қаласында заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары аясында әуежайды мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен ауқымды реконструкциялау жобасы аяқталды, деп хабарлайды Қарағанды қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

Жоба Қазақстан Республикасы Бас прокурорының мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға және еліміздің өңірлік инфрақұрылымын дамытуға бағыттау жөніндегі бастамасының арқасында жүзеге асты.

Қарағанды облысы бойынша мемлекетке қайтарылған қаражатты бөлу аясында Балқаш қаласы әуежайын реконструкциялауды қаржыландыру туралы шешім қабылданды.

Жобаны іске асыру көлік инфрақұрылымы нысанын жаңғыртуға, ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін дамытуға қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.

Әуежайды реконструкциялау мемлекетке қайтарылған активтердің маңызды міндеттерді шешуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуының нақты мысалы болып табылады.

-Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Балқаш қаласының көліктік қолжетімділігі едәуір артты және бұл өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді,-елінген хабарламада.

Осыған дейін 2023 жылдан бері мемлекетке қайтарылған активтерден қорға қанша қаражат түскені туралы жаздық.