Балқаш көлінде екі жасөспірім құтқарылды
«Балқаш қаласының құтқарушылар бекетінен 3,7 шақырым жерде 2 000 және 2002 жылы туған екі жасөспірім жағалауға жақын жерде үрленген камерамен жүзіп жүрді. Сол күні жел жылдамдығы секундына 5-6 метр болды», - деді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің басшысы Қуаныш Мүталлапов.
Кезекші ауысымның екі құтқарушысы дереу «Windboat» катерімен жасөспірімдерді құтқаруға шықты. Бес минуттан кейін құтқарушылар оқиға орнында болды. Балаларды катер бортына мінгізіп, бекетке алып келді.
«Балаларға судағы қауіпсіздік қағидасы түсіндіріліп, үйлеріне қайтарылды. Адамдар демалыс кезінде «білмейтін жерде шомылуға болмайды», «жағалаудан алыс кетуге болмайды», «үрленген матрасқа сенуге болмайды», «құтқару жилетін, белдігін кимей жүзуге болмайды» деген қарапайым қағидаларды білмей жатады», - деп атап өтті Қуаныш Мүталлапов.