Балқаш көлінде жоғалып кеткен екі балықшы іздестірілуде

ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Балқаш көлінде осыдан бір апта бұрын жоғалып кеткен 35 және 23 жастағы екі ер азамат іздестірілуде,

деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

«Қоржын аралының маңында (Балқаштың оңтүстік жағалауы, Алматы облысы) жоғалып кеткен балықшылар туралы хабар Балқаш қаласының Төтенше жағдайлар басқармасына кеше кешке түсті. Екі ер азамат, Қарағанды облысының тұрғындары, мамырдың 10-ында оңтүстік жағалаудан қайықпен көлге шыққан, содан бері олар хабарсыз», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Іздеу-құтқару жұмыстарына судағы құтқару стансасының құтқарушылар тобы жұмылдырылды. Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне де хабар берілді.