Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысы биыл аяқталады

Фото: Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында «Алматы — Өскемен — Лепсі — Ақтоғай» жолының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жол өңірді Балқаш көлімен байланыстырады. Қазір ауқымды жобаның қай кезеңде екенін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап көрді.

«Алматы — Өскемен — Лепсі — Ақтоғай» бағыты

Ұзындығы 105 шақырым жолдың құрылысы 2018 жылы басталды. Ол екі кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы бөлігі – 0-ден 35 шақырымға дейінгі аралық 2021 жылы пайдалануға берілді. Алайда қалған бөліктері қаржыландырудың жетіспеушілігіне байланысты кешеуілдеп келді. Бес жылда жоба бірнеше рет өзгертіліп, оның жалпы құны айтарлықтай өсті.

Қазір 35-105 шақырым аралығына алғашқы асфальт қабаты толық төселді. Оның 90 шақырымына екінші қабаты салынды. Қалған 40 шақырымға соңғы, жоғарғы қабатты төсеу қалды. Бұл жұмыстарды осы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарда. Осыдан кейін жол бойын абаттандыру, жол таңбаларын салу және жол жиегін нығайту жұмыстары басталады.

Фото: Kazinform

— Былтыр біз жолдың осы бөлігін 15 маусымға дейін ашуға уәде берген едік, қазір қозғалыс үшін жол ашық. Жоғарғы қабатты төсеу жұмыстары көлік қозғалысына кедергі келтірмейді, — деді Жетісу облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Жобаның құны — 30 млрд теңге

Фото: Kazinform

Жоба мердігері – «Жол» ЖШС, ол жолды қайта жаңғырту жұмыстарын 2018 жылы бастаған. Алайда республикалық бюджеттің шектеулі қаржыландыруына байланысты (жылына 2–3 млрд теңге көлемінде), құрылыс баяу жүрді. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, жоба қарқынды іске аса бастады. Жалпы 30,4 млрд теңге болатын жобаның жартысын өңір өзі қаржыландырды.

— Соңғы екі жыл ішінде біз облыстық бюджеттен 11 млрд теңге игердік, — деп атап өтті спикер.

Туризм мен халық үшін маңызды жол

Фото: Kazinform

Аталған жол әсіресе жаз мезгілінде сұранысқа ие — күніне бұл бағытпен 6 мыңға дейін көлік жүреді. Олардың басым бөлігі Балқаш көліне баратын демалушылар. Бұған дейін жүргізушілер айналма жолмен жүрді, бұл бірқатар қолайсыздық тудырған.

— Адамдар көп қиындыққа тап болатын: шұрық-тесік жол, дөңгелектің тесілу жағдайлары. Қазір Талдықорғаннан Балқашқа екі сағатта жетуге болады, — деді басқарма басшысы.

Фото: Kazinform

Жол екінші санат бойынша салынған: ені 4,5 метр болатын екі жолақ бар.

Спикердің сөзінше, бұл жеткілікті, себебі бұл — облыстық маңызы бар жол және мұнда көлік қозғалысының жоғары тығыздығы байқалмайды.

— Жоба жол активтері ұлттық сапа орталығының сараптауынан өткен. Қазір жұмыстардың сапасына қатысты мәселе жоқ. Мердігер компания жол сапасына бес жылдық кепілдік береді, ал жолдың аралық жөндеу мерзімі — он жыл,— дейді ол .

Инфрақұрылым

Фото: Kazinform

Жоба аясында Матай мен Лепсі учаскелерінде (60 - 104 км) екі көпір салынды. Жол бойында төрт демалыс аймағы пайда болады. Онда шатырлар, дәретхана, тұрақ және қоқыс жәшіктері қарастырлыған. Барлығы 14 заманауи дәретхана орнатылады, оларды күтіп ұстаумен мердігер компания айналысады. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. 100-ден астам маман мен 65 арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, былтыр «Лепсі — Балқаш көлі» аралығындағы (0–27 км) жол толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл жобаны басқа отандық компания — «Қазстройцентр» ЖШС жүзеге асырды.

Фото: Kazinform

Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың соңына дейін «Алматы — Өскемен — Лепсі — Ақтоғай» бағытындағы 90 шақырым жол асфальтпен жабылатыны туралы жазғанбыз.