Балқаш көлінің суы жылдан-жылға ластанып барады – сарапшы

Фото: Ербол Жанат

АСТАНА. KAZINFORM — Экология, су ресурстары мен орнықты даму саласындағы сарапшы Болат Есекин Балқаш көлінің ластануына қандай факторлар әсер етіп отырғанын айтты.

– Ұзақ жылдар бойғы статистикаға сүйенсек, көлге құятын су көлемі жыл сайын азайып келе жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен 18 текше шақырымнан 12 текше шақырымға дейін қысқарған. Бұл, әрине, судың ластану деңгейінің артуына тікелей әсер етеді. Өйткені су сапасы мен мөлшері өзара тығыз байланысты – су азайған сайын ластану көлемі артады, – дейді ол.

Фото: Болат Есекиннің жеке мұрағатынан

Маманның сөзінше, көлдің экологиялық ахуалына оның жағасында орналасқан кәсіпорындар да тікелей әсер етіп жатыр.

– Көлдің жағасында елдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Балқашмыс» орналасқан. Бұл зауыт жылына 70 мың тоннадан астам зиянды затты ауаға шығарады. Олардың қатарында мыс, мырыш және басқа да улы элементтер бар. Мұндай залал Балқашқа құятын өзендер арқылы да жетіп отыр. Мәселен ауыл шаруашылығында қолданылатын түрлі тыңайтқыштар, пестицидтер, химикаттар, сондай-ақ елді мекендерден келетін коммуналдық қалдық сулар көлге зиянын келтіріп жатыр, – дейді сарапшы.

Ал ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі көлдегі су сапасына «орташа ластанған» деген баға берді.

– Балқаш көлінің зоопланктон және фитопланктон бойынша судың сапасы үшінші класқа (орташа ластанған сулар) сәйкес келді, – деп жазылған Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген ведомство жауабында.

Сондай-ақ Болат Есекин Балқаш көлі сапасы нашарлауына нақты мысалы келтірді.


– Ластану деңгейінің өскеніне нақты дәлел – Балқаш көлінде сирек кездесетін, тек осы өңірге тән эндемик балық түрлерінің жойылып кетуі. Қазір көлде тек сор балықтар ғана қалды. Бұл – экожүйенің терең дағдарысқа ұшырағанының айқын белгісі. Балқаш бүгінде жоғары қауіп аймағында тұр. Оны сақтап қалу үшін суды тұтынуды қысқарту, ластануды азайту және ең бастысы – су көздерін қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қажет. Алайда мұндай жұмыстар қазіргі мемлекеттік су және экологиялық бағдарламаларда мүлде қарастырылмаған, – дейді ол.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Каспий теңізін, Балқаш көлін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтқан еді.

Су ресурстары министрлігі Франция мамандарымен бірлесіп Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізді.

«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлін сақтаудың жол картасына 5 млн доллар (шамамен 2,6 млрд теңге – ред.) бөлмекші. Ал Франция даму агенттігі (AFD) осы жол картасының шеберлік жоспарын әзірлеуге 1,35 млн еуро (шамамен 765,6 млн теңге – ред.) бағыттап отыр.