Балқаш маңында бұзылған автобустан 22 жолаушы құтқарылды

Фото: Видеодан скрин

БАЛҚАШ. KAZINFORM — Балқаш маңындағы трассада түнде автобус бұзылып, жиырмадан аса жолаушы аязда далада қалып қойды. Құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, адамдарды эвакуациялады.

Бүгін Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолында қалааралық жолаушылар автобусы оқыс жағдайға тап болды. Балқаштан шамамен 25 шақырым жерде көлік кенеттен бұзылып қалды. Автобустың ішінде Астанадан Шымкентке бағыт алған 22 адам болған.

Төтенше жағдай туралы ақпарат 112 пультіне түскен бойда кезекші қызмет оқиға орнына құтқарушылар тобын жөнелтті. Оқиға орнына жеткен ТЖД қызметкерлері жағдайды бағалап, бұзылған автобустан тоңып қалған жолаушыларды эвакуациялады.

Жолаушылар жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізілді. 

Құтқарушылардың мәліметінше, дер кезінде әрекет етудің арқасында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеді.

Алдын ала ақпарат бойынша, бұзылу қозғалтқыштағы техникалық ақауға байланысты болған.

Мамандар қысқы аяздарда трассаның алыс учаскелерінде жүру қауіпті екенін атап өтеді.

Операция сәтті аяқталды, зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар жүргізушілерге ұзақ жолға шығар алдында көлікті мұқият тексеріп шығу қажеттігін ескертеді.

Еске салсақ, Қостанайда автобус бұзылып, 25 адам қауіпсіз жерге жеткізілді.