Балқаш мыс балқыту зауытына 6,3 млн теңге айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Балқаш мыс балқыту зауытында атмосфералық ауаны қорғау талаптарының сақталуына тексеру жүргізілді. Мамандар ластаушы заттардың шығарындыларына және технологиялық жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Фото: Pexels

Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті «Kazakhmys Smelting» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді. Инспекторлар өндірістік нысандарды, технологиялық жабдықтарды, газ тазарту қондырғылары мен шығарындылар көздерін тексерді.

Тексеру барысында мамандар аспаптық өлшеулер жүргізіп, шығарынды газдардан сынама алды. Нәтижесінде атмосфераға таралатын ластаушы заттардың рұқсат етілген шығарындылары нормативтерінен асып кету фактісі анықталды.

Сонымен қатар технологиялық жабдықтардың тиісті техникалық жағдайда болмауынан туындаған ұйымдастырылмаған шығарындылар тіркелді.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кәсіпорынға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 6 млн 363 мың 805 теңгені құрады.

Бұған дейін Қарағанды облысындағы Қарағайлы байыту фабрикасында жүргізілген тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының бірнеше бағыт бойынша бұзылғаны анықталғаны хабарланған еді.