Балқаш орталық ауруханасына өкпені желдету аппараттары сатып алынды

БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқаш қаласының орталық ауруханасында соңғы буындағы өкпені жасанды желдету аппараттары пайда болды. Олар демеушілік қаражат есебінен сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Flight 60 аппараттары жансақтау бөлімшесінде орнатылған. Бұл тәуелсіз ауа компрессорлары бар заманауи желдету режимдерімен жабдықталған әмбебап, ықшам және көп функциялы құрылғылар.

«Біздің ауруханада жаңа Flight 60 желдеткіштері пайда болды. Жабдықтың жалпы құны 39 миллион теңгені құрайды. Олар реанимация бөлімінде қолданылады», – деп атап өтті медициналық мекеме өкілдері.

Flight 60 аппараттарынан басқа, Балқаштың орталық ауруханасында қазақстан-түрік және жапон аппараттары бар. Олардың бір бөлігін пандемия кезінде демеушілер сатып алды.

Бүгінгі таңда Балқаш орталық ауруханасында 15 бөлімше жұмыс істейді. Бұл айына 1,5 мыңға жуық пациентке шұғыл және жоспарлы түрде медициналық көмек көрсететін заманауи құрылғылармен жабдықталған көпсалалы клиникалық орталық. Медицина мекемесінің тәулік бойғы стационары 343 төсек-орынға есептелген. Күндізгі стационар – 32 орынға.