Қаланың түрлі нүктелеріне орнатылған 16 жарықдиодты экранда коммуналдық және экологиялық қызметтердің жұмысы ашық форматта көрсетіледі. Онда шығарылған қоқыс көлемі, орнатылған қоқыс жәшіктерінің саны, өткізілген экологиялық акциялар, заңсыз қоқыс алаңдарының жойылуы, жөнделген аулалар мен жол инфрақұрылымы бойынша деректер күнделікті жаңартылып тұрады.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, жақын арада бұл есептегіштердің функциясы кеңейіп, жасыл желек аумағы, жол жөндеу жұмыстары және басқа да абаттандыру бағыттары бойынша мәліметтер қосылады.
– Біз тұрғындардың қалада атқарылып жатқан жұмысты тек сөз жүзінде емес, нақты сандармен көруін қалаймыз. Бұл жүйе – «Таза Қазақстан» экожобасының аясында жүзеге асырылып жатқан нақты нәтижелердің көрсеткіші. Тазалық есептегіші – тұрғын мен қызмет көрсетуші арасындағы сенім көпірі, – дейді қала әкімі Сапар Сатаев.
Жобаның басты мақсаты – атқарушы органдардың жұмысын ашық ету, тұрғындардың қала тіршілігіне белсенді араласуына жол ашу және күн сайынғы нақты көрсеткіштер арқылы қаланың даму қарқынын көрсету.
Балқаш әкімдігі бұл бастама қала тұрғындары мен коммуналдық қызметтер арасында сенімді арттырып қана қоймай, урбанистік ортаны дамытуға бағытталған жаңа цифрлық стандарттарды қалыптастырады деп отыр.
Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы алты айында Балқаш көлінің деңгейі Балтық өлшем жүйесі бойынша орта есеппен 32 сантиметрге көтерілген. Егер қыста көл деңгейі 341,55 метр болса, жазға қарай бұл көрсеткіш 341,87 метрге жетті.