Балқаш тұрғындары масаның қаптап кетуі салдарынан серуендей алмай қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Курорттық Балқаш қаласының тұрғындары қаптаған масалардан мезі болды. Олар, әсіресе кешкі уақытта сыртқа шығудың мүмкін еместігіне шағымдануда, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, масалардың топ-тобымен шабуыл жасауы саябақтарда, скверлерде және алаңдарда жиі байқалады. Күндізгі аптап ыстық пен кешкі уақытта масалардың көптігіне байланысты көптеген адам мүлдем сыртқа шықпауды жөн көріп, балаларды да далаға жібермей отыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары масаға толы жағалаудың видеоларын бөлісуде.
Балқаш қаласының әкімдігі сәуір және мамыр айларында санитарлық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін, алайда оның уақытша ғана нәтиже бергенін мәлімдеді.
— Қала аумағында дезинсекция және дератизация жұмыстары жоспарлы түрде тұрақты жүргізіледі. Биыл санитарлық өңдеудің екі кезеңі өтті: алғашқысы — 23 сәуірде, екіншісі — 20 мамырдан бастап зиянкестердің шоғырланған жерлерінде жүргізілді, — деді Балқаш қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Асылмұрат Түсіпов.
Санитарлық ахуалдың нашарлауына байланысты қалалық қызметтер өңдеудің үшінші кезеңін өткізу туралы шешім қабылдады. Қазір мердігер ұйым қолданылатын препараттардың құрамын қайта қарап жатыр, оның да тиімділігін арттыру көзделуде.
— Жаңа құралдарды таңдағанда зиянкестердің төзімділігі, қалалық ортаның ерекшеліктері мен ауа райы жағдайлары ескеріледі. Барлық препараттар санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен келісілетін болады. Өңдеу жұмыстары жағалауларды, жауын суы ағатын науаларды, жертөлелерді, қоқыс жинау орындарын және басқа да нысандарды қамтиды, — деп қосты әкімдік.
Әкімдік өкілдері тұрғындарды санитарлық талаптарды сақтауға және масалардың шоғырланған ошақтарын анықтаған жағдайда хабарласуға шақырды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Павлодарда да ауыл тұрғындарын сары маса мен шіркей талап жатыр.