Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жалпы құны 30,3 млрд теңге болатын № 5 қазандық агрегатын салу жұмыстары жалғасып жатыр.
— Бүгінде негізгі жабдықтарды монтаждау жұмыстары аяқталды. Қазандық цехының ғимараты, отын беру тракты салынып, заманауи газ тазарту жабдығын жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін станцияның бу өндіру қуаты сағатына 270 тоннаға артады. Келесі кезеңде жалпы құны 28,7 млрд теңге болатын жаңа № 5 турбоагрегатты орнату көзделген. Оны іске қосу станцияның белгіленген электр қуатын 65 МВт-қа арттырып, жылу қуатын сағатына 55 Гкал-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Олжас Бектенов тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету әкімдіктің басым міндеті екенін атап өтті. 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы жылу беру кезеңінде Балқаш ЖЭО-да II дәрежелі 17 ақау тіркелген. Өңірлік штабқа станцияның жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-министр Balkhash индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан туристік жобалармен, қонақ үй және рекреациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Биыл жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге болатын алты жаңа демалыс аймағы ашылды. Сондай-ақ төрт жұлдызды қонақ үйлер салу бойынша екі жобаны жүзеге асыру басталды. Сонымен қатар инженерлік және жағалау инфрақұрылымы дамып жатыр. Бұл көл жағалауында заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін туристік кластер қалыптастыруға жағдай жасайды.
Еске салайық, мұның алдында Олжас Бектенов Балқаштағы жол сапасына қатысты ескерту жасаған еді.