«Балқаш жылу электр стансысы құрылысын жүзеге асыру» туралы келісімге қол қойылды

АСТАНА. Наурыздың 25-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде ҚР «Самұрық - Энерго» АҚ Кореяның электр энергетикалық корпорациясы мен осы елдің «Самсунг» корпорациясы арасында «Балқаш жылу электр стансасы құрылысын жүзеге асыру» жобасы аясында стратегиялық серіктестіктің негізгі принциптері бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталған құжатқа Кореяның электр энергетикалық корпорациясының президенті Ким Сан-су, «Самсунг» корпорациясының басшысы Чи Сун-ха және «Самұрық - Энерго» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Үпішев қол қойды.Келісімге сәйкес, кореялық инвесторлар жоба акцияларының 74 пайызына ие болса, қалған 26 пайыз акциялар «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «Самұрық - Энерго» АҚ-сына тиесілі болмақ. Жобаның жалпы құны ? 4,5 млрд. доллар. Балқаш жылу электр стансысының құрылысы екі кезең бойынша жүргізілмек. 2013 жылға дейін стансаның 1-2 блоктары іске қосылса, 2016 жылда қалған 3-4 блоктарды жүргізу жоспарланып отыр. Жаңа стансының қуаттылығы 2 640 МВт болмақ. Айта кетейік, Балқаш жылу электр стансысының құрылысы 2010-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының бірыңғай энергетикалық жүйесін дамыту бағдарламасында қарастырылған. Сондай-ақ аталған нысанның құрылысы еліміздің серпінді жобалардың тізіміне енгізілген. Елбасының тікелей тапсырмасымен салынатын Балқаш жылу электр стансысының арқасында аймақтағы қуат көздері тапшылығы мәселесін шешу жоспарланып отыр.